Accessibility links

Үкімет Маңғыстау облысында наразылардың бастама тобымен "келіссөз жүргізіп жатқанын" хабарлады


Жаңаөзенде әкімдік алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 жыл.
Жаңаөзенде әкімдік алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 жыл.

Маңғыстау облысында үкімет комиссиясы наразылардың бастама тобымен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады. Тараптар мәселені реттеу жағын, қоғам қауіпсіздігін сақтау мәселесін де талқылаған.

"Үкімет комиссиясы сұйытылған газды арзандатуды талап еткен азаматтардан құралған бастама топ өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр. Қатысушылар жағдайды реттеу мүмкіндігі, қоғам қауіпсіздігін сақтау мәселесін де талқылап жатыр" делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ресми хабарламада наразылардың өздері бастама топты құрғаны жазылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен Жаңаөзен мен Ақтаудағы кейбір белсенділер келіссөзден хабары болмай шықты.

Телеграмдағы Еділов арнасы келіссөзден сурет жариялады. Онда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған бір топ адамның жергілікті тұрғындармен дөңгелек үстелде отырғаны көрінеді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина келіссөзге қатысқандар арасында "халық өкілі" жоғын сынады.

2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың екі есе қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады.

Сейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет комиссиясы құрылғанын хабарлап, комиссия "туындаған мәселе бойынша тиімді шешім шығаруы тиіс" деген. Ал Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі бұған дейін Маңғыстау облысында жанар-жағармай станцияларындағы "баға келісіміне" байланысты тергеу басталғанын хабарлаған.

Жаңаөзен мен Ақтауда наразылық әлі тоқтаған жоқ. 4 қаңтарда олардың талабын қолдаған аймақтар көбейе түсті. Соңғы ақпаратқа қарағанда, оларды қолдау акциялары Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Тараз, Қостанай, Орал, Атырау, Қарағанды және өзге қалаларда өткен. Оларды қолдаған белсенділердің біразы ұсталды.

Атырау облысы Теңіз кенішінде жұмысшылардың жұмысты тоқтатып, Жаңаөзенді қолдағаны хабарланды.

Ақтау мен Жаңаөзендегі наразылық. Екінші күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG