Accessibility links

Таразда Жаңаөзендегі наразыларды қолдаған журналистерді полиция алып кетті


Таразда полиция наразыларды ұстап жатыр. Видеодан алынған скриншот.
Таразда полиция наразыларды ұстап жатыр. Видеодан алынған скриншот.

4 қаңтар күні Тараздағы орталық алаңға Жаңаөзендегі наразыларды қолдап жиналған тұрғындармен бірге шыққан бір топ журналисті полиция алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа ұсталған журналистің бірі Нұрадин Рақай айтты.

Журналистің сөзінше, ол алаңға наразы топпен бірге Жаңаөзен жұртын қолдауға барған. Бейбіт түрде өз пікірін айтып жатқанда полиция еш ескертусіз күштеп алып кеткен.

- Менімен бірге 7-арнаның тілшісі Данияр Әлімқұл, 31-арнаның тілшісі Нұрболат Жаңабекұлы мен "Время" газетінің тілшісі Айжан Әуелбекова болды. Полиция үшеумізді жіберіп, Әуелбекованы алып қалды, - дейді Рақай.

Бұл ақпаратты Данияр Әлімқұл да растады.

Журналист жіберген видеоларға қарағанда қала әкімдігі ғимаратына ондаған адам 2 қаңтардан бері Жаңаөзенде газ бағасының қымбаттағанына қарсы шыққан наразы топты қолдайтындарын айтып барған. Барған бойда полиция оларды күштеп алып кеткен.

Видеода қара киім киген маска таққан ер адамдардың қарапайым тұрғындарды дөрекі күш қолданып, ұстап жатқаны көрінеді. Кейбірі полицияға қарата "Жібер!" деп айқайлайды.

Тараз полициясы әзірге ұсталғандар туралы түсініктеме бермеді.

Екі күн бұрын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тұрғындар сұйытылған газдың қымбаттауына наразылық білдірген. Наразылықты Қазақстанның басқа өңірлері қолдады.

4 қаңтар күні наразыларды қолдаған аймақтар саны арта түсті. Полиция наразы топтың бір бөлігін ұстаған.

XS
SM
MD
LG