Accessibility links

Тоқаев наразыларды "ел тұтастығына сызат түсіруді көздейтін топтардың үндеуіне құлақ аспауға" шақырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наразыларды "ел тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға" шақырды. Ол бұл жөнінде 4 қаңтарда кешке Twitter'дегі парақшасында жазды.

"Демонстранттарды еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға шақырамын. Басқа да әлеуметтік-экономикалық талаптар ертеңгі елордада өтетін кеңес барысында жеке қарастырылады" деп жазды Тоқаев.

Ол үкімет "елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында" сұйытылған газ бағасының әр литрін 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын да еске салды.

Жаңаөзенде газ бағасын төмендету туралы талаптан басталған наразылықтың ауқымы екі күн ішінде кеңейіп, қазір елдің барлық-дерлік аумағында Жаңаөзенді қолдаған акциялар өтіп жатыр. Наразылардың талабы да көбейген. 3 қаңтарда Ақтауда наразылар үкімет пен Назарбаевтың биліктен кетуін, жемқорлықты жойып, қымбатшылықты тоқтатуды талап еткен.

4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше аймағында "Жаңаөзенді қолдаған" жүзден астам адам ұсталды. Наразылар Қазақстанда газ бағасымен бірге азық-түлік те қатты қымбаттап кеткенін алға тартып, кедейшілікті жою қажеттігін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG