Accessibility links

Шымкентте "Шал кет!" деп ұрандаған бірнеше мың адам әкімдікке қарай бет алды


Шымкент картасы.
Шымкент картасы.

4 қаңтарда кешке Шымкентте Орыс драма театрының алдына Жаңаөзендегі наразылықты қолдап, мыңға жуық адам жиналды. Басым бөлігі - жастар. Олар әнұран айтып, "Шал кет!" деп ұрандады. Түнгі сағат 10-нан кете бере олардың саны 2 мыңға жуықтады.

Олар әкімнің келуін талап еткен. Қала әкімі келмеген соң өздері шерулетіп, әкімдікке қарай бет алды.

Азаттық тілшісі оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратуға оқталған. Алайда интернет нашарлап, эфирге шығу мүмкін болмады.

Айналада полиция қаптаған. Олар оқиғаны сырттай бақылаған.

Түнгі 12-лер шамасында әкімдікке қарай бет алған адамдар саны бірнеше мыңға жуықтаған. Олар жол бойы "Шал кет" ұрандаған. Наразылар Жаңаөзендегі халықтың талабын қолдайтынын, газ, жанар-жағармайдың бағасын арзандатуды, қымбатшылықты жоюды талап етті.

Азаттық тілшісі сейсенбі кешке наразылыққа бара жатқан жолда полицияның ондаған адамды ұстап әкеткенін көрген.

Күндіз мұнда 20-дан астам адам ұсталған. Олардың көбі "оппозиция митингісі өтеді" деген орын қала әкімдігі маңында ұсталған.

Жаңаөзенде газ бағасын төмендету туралы талаптан басталған наразылықтың ауқымы екі күн ішінде кеңейіп, қазір елдің барлық-дерлік аумағында Жаңаөзенді қолдаған акциялар өтіп жатыр. Наразылар билікке Назарбаев пен үкімет отставкасы, саяси тұтқындарды босату, азық-түлік бағасын арзандату, кедейшілік пен жемқорлықты жою туралы талаптар айтты.

Жер-жерде белсенділердің күшпен ұсталып, соққыға жығылғаны жайлы хабар жиіледі. 4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше аймағында "Жаңаөзенді қолдаған" жүзден астам адам ұсталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демонстранттарды "ел тұтастығына сызат түсіруді көздейтін топтардың үндеуіне құлақ аспауға" шақырды.

4 қаңтарда түнде елде интернет байланысы нашарлап, Телеграм, WhatsApp желілері істемей қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG