Accessibility links

Алматы әкімі: Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр


Алматыдағы наразылық.
Алматыдағы наразылық.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 қаңтарда таңертең қала тұрғындарына мәлімдеме жасап, жағдай бақылауда деді. Әкім мәлімдемеде жағдайды "тұрақсыздандыру талпынысы мен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұр" деп айтты.

Ол тәртіп сақшыларының көмегімен қалада жағдайды тұрақтандыру, қауіпсіздікті сақтау шаралары жүріп жатқанын да атап өтті.

"Қазір қаладағы жағдай бақылауға алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр. Бүлікшілер анықталып жатыр" деді әкім. Бірақ "экстремист, арандатушы" деп кімді меңзегенін нақты айтпады.

Ол азаматтарды "арандатушылық пен заңсыздыққа ермеуге" шақырды.

5 қаңтардан бастап Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланған. Сәрсенбі күні қалада қоғамдық көліктер жүрісі баяулады. Қалаға кіріп-шығу шектелді. Қазақстан тұрғындары түрлі аймақта мобильді интернет пен байланыстың шектелгені жөнінде хабарлап жатыр.

Қазақстанның батысында Жаңаөзен қаласында жаппай наразылық басталып, өзге өңірлерге жайылған тұста сәрсенбі күні таңертең үкімет отставкаға кеткен. Бастапқыда наразылар Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі көлігіне пайдаланатын сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап етті. Жаңа жылдан бастап отынның аталған түрі екі есеге қымбаттаған.

Наразылықтың үшінші күні билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, алайда наразылар саяси талаптар айта бастады, олар үкімет отставкасын да талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG