Қазақстанда интернет өшіп, сайттар, соның ішінде Азаттық радиосының сайты да ашылмай қалды. Телефон байланысы да нашарлаған.
Азаттықтың Алматыдағы және аймақтағы тілшілері де түсірген видео, фотоларын жолдай алмай жатыр. Елдегі наразылықтан хабар таратып жатқан Vlast.kz сайты да ашылмай қалды.
Интернетті бұғаттау бойынша мониторинг жүргізетін GlobalCheck сервисінің мәліметінше, елде ұялы және провайдерлер ұсынатын интернет істемейді. "Қазақтелеком" операторы да ел бойынша интернетті сөндірген.
NetBlocks сервисі де елде интернет сөнгені жайлы ақпаратты жариялады.
Билік интернеттің нашарлағаны жайлы ешқандай мәлімдеме жасамады.
5 қаңтарда Алматыда наразылар қала әкімдігіне басып кірді. Ақтау, Ақтөбе, Семей, Орал, Өскеменде де жұрт әкімдік ғимаратына жиналып, наразылық білдіріп тұр. Күштік құрылымдар наразыларға қарсы шулы граната, резеңке оқ, көзден жас ағызатын газ қолданды.
Елде наразылық күшейген тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің отставкасын қабылдады.
Алматы денсаулық сақтау басқармасы 5 қаңтар түннен бері қалада жүзден аса адам жараланғанын, кемі бес адам жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді.
Билік наразылыққа "арандатушыларды айыптағанымен", арандатушылардың атын нақты атамады.
2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады. Содан бері Қазақстан қалаларында билікке қарсы бейбіт наразылық жалғасып жатыр.
4 қаңтарда билік құрған арнайы комиссия Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болатынын мәлімдеген. Бірақ наразылар тарқамай тұр. Олар елді қымбатшылық қысып тұрғанын айтып, биліктің отставкасын талап етеді. Бейбіт митинг кезінде "шал, кет" деген ұран да айтылды. Тоқаев 5 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде "билік құламайды" деді.