Accessibility links

Алматыда ондаған адам қаза тапқаны хабарланды


Алматының орталығында тұрған әскерилер. 6 қаңтар 2022 жыл.
Алматының орталығында тұрған әскерилер. 6 қаңтар 2022 жыл.

Алматы қаласы полиция департаментіне шабуыл жасаған ондаған адам қаза тапқаны хабарланды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментіне сілтеме жасаған ресейлік ақпарат агенттіктері жазып жатыр.

РИА Новости агенттігі полицияға сілтеп, "6 қаңтарға қараған түні полиция ғимаратына шабуыл жасаған ондаған адамның көзі жойылғанын" хабарлады.

Ал полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Интерфакс агенттігіне "қаза болғандардың кім екені анықталып жатыр" деген.

ТАСС және ВВС-дің Орыс қызметі әскерилер Алматының орталық алаңын қоршап, арнайы операция жүргізгенін; кейін қоршауды алғанын жазды.

Елде қайтадан интернет өшкен, мемлекеттік сайттар мен ақпарат агенттіктерінің сайттары ашылмайды. Азаттық сайты да Қазақстан ішінде ашылмай қалды.

5 қаңтар кешкісін ІІМ Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 8 полицей мен ұлттық гвардия сарбаздары қаза болғанын хабарлаған. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы тәртіпсіздікті "террористік бандалар" ұйымдастырды деп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған еді. Ресей басқаратын ҰҚШҰ Қазақстанға бітімгершілік әскерін жіберетінін мәлімдеді.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG