Accessibility links

Шымкентте 30 шақты көлік, 5 автобус өртенген. Бүлінген әкімдікті жасақ күзетіп тұр, демонстранттар жоқ


Шымкент көшесіндегі полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Шымкент көшесіндегі полиция көлігі. Көрнекі сурет.

6 қаңтар күндізгі жағдай бойынша, Шымкенттегі терезесі шағылған әкімдікті арнайы жасақ күзетіп тұр. Сол маңайда өртенген 20-30 шақты көлік, 5 автобус байқалды. Әр жерде қан ізі және атылған оқ-дәрі қалдықтары жатыр. Демонстранттар көрінбейді.

Азаттық тілшісі 6 қаңтарға қараған түні бір топ адам әкімдікті басып алуға талпынғанын, алыстан атыс даусын естігенін айтты. Шымкентте де "Метро" сауда үйі тоналған. Бірнеше банктің банкоматы сынған. Интернет жоқ. Телефон байланысы да өте әлсіз.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Қазір елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG