Accessibility links

Оралда дүкендер жұмыс істеп тұр, қоғамдық көлік сирек жүріп жатыр

Орал қаласындағы наразылық жиыны. 5 қаңтарға қараған түн. 2022 жыл.
Орал қаласындағы наразылық жиыны. 5 қаңтарға қараған түн. 2022 жыл.

6 қаңтардағы жағдай бойынша, Оралда интернет бұғатталған, телефон байланысы да әлсіз. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қалада дүкендер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік сирек жүріп жатыр.

Банкоматтардың алдында ақша алуға жиналған адам кезегі көп. Орталық алаңды полиция қоршап, күзетіп тұр. Наразылық болып жатқан жоқ. Куәгерлер алаң маңынан өтіп бара жатқанда бірлі-жарым адамды полиция ұстап әкеткенін көрген.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Қазір елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

Семейде де байланыс үзілген. Өзара SMS хабарлама арқылы ғана сөйлесуге болады. Азаттық тілшісінің сөзінше, кейбір тұрғын жедел жәрдемге де хабарласа алмағанын айтқан. Кеше, 5 қаңтар кешке мыңнан аса адам жиналған наразылық тоқтаған. Полиция орталық алаңды қоршап тұр.

Талдықорғанда демонстранттар әкімдікті, полиция басқармасын басып алған. Қалада тонау болып жатыр. Кешке қарай арандатушылар тағы жиналуы мүмкін деген ақпарат бар.

Нұр-Сұлтанда ахуал бірқалыпты. Қалада күзет күшейген. Ақорда, үкімет пен парламент ғимараттарын арнайы жасақ, әскерилер қоршап тұр. Ешқандай демонстрация, қарсылық жиыны болып жатқан жоқ.

XS
SM
MD
LG