Accessibility links

7 қаңтар түске дейінгі ахуал: Ақтөбе, Жезқазған, Қарағанды


Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.
Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.

7 қаңтар жергілікті уақытпен таңғы сағат 4 жарымда Ақтөбеде алаңда тұрған жүзден аса адамға полиция оқ атып, митингіні күшпен таратты. Ақтөбелік белсенділер Азаттық тілшісіне жараланғандар барын, оларды ауруханаға әкеткенін хабарлады. Қаза тапқандар бар ма, ол жағы белгісіз. Әкімдік маңын қазір полиция күзетіп тұр.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласында 7 қаңтарға қараған түні митингішілер өз еркімен тараған. Бүгін таңертеңнен бастап шахтадағы жұмыс қайта жанданған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне шахтерлердің өзі хабарлаған.

Қарағандыда 7 қаңтарға қараған түнде бірнеше адам ұсталды. Облыстық ішкі істер департаменті "ахуалды ушықтырғысы келгендердің ұсталғанын" мәлімдеген. Жергілікті билік өңірдегі ахуалды толық бақылауға алғанын хабарлады.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.ё
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті. Қазір де интернет нашар.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG