Accessibility links

Тоқаев "ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" айтып, елдегі ахуалға "еркін баспасөзді", "демагогтарды" кінәлады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 7 қаңтар, 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 7 қаңтар, 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтардағы телеүндеуінде Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасағанын". "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.

"Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылып жатыр. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?" деді Қазақстан президенті.

Тоқаев елдегі болып жатқан ахуалға "жергілікті және шетелдік содырларды" кінәлады, бірақ олардың кім екенін атап айтпады: "Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады" деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, "содырлар" әкімшілік ғимараттарға "ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасаған". "Алматы қаласына 20 мың содыр шабуыл жасады" деді Тоқаев.

"БЛОГОСФЕРА", "ЕРКІН БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ", "ШОЛАҚ БЕЛСЕНДІЛЕР", "ДЕМАГОГТАР"

Тоқаев үндеуінің көп бөлігі демократия және еркіндік, сөз бостандығы мен еркін жиналу бостандығына қатысты болды. Ешкімнің атын атамай сөйлеген Қазақстан президенті "содырлар" демократияны, сөз бостандығын желеу етіп жүр деді. Тоқаев елдің түкпір-түкпірінде болып жатқан қайғылы оқиғаларға елдегі еркіндік кінәлі деген тұжырым жасады.

"Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті" деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қабылданып, қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар "косметикалық өзгеріс" деп бағалаған азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заңды да еске салды.

"Құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір "құқық қорғаушылар" мен "белсенділер" өздерін заңнан жоғары қояды" деді ол.

Тоқаевтың тұжырымы бойынша, осындай "шолақ белсенділердің" кесірінен полиция "тәртіп сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды". Елде Интернеттің бұғатталуына, миллиондаған азамат пен бизнестің зардап шегуіне де солар кінәлі деді президент.

Тоқаев елдегі ахуалдың ушығуына "өздерін "еркін" бұқаралық ақпарат құралымыз" деп санайтындар" мен "сырттағы қайраткерлер" ықпал етіп, "арандатушылық рөл атқарды" деді.

"Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданамыз" деді Тоқаев.

Бұған қоса ол "идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен "фейктер" таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл-күйіне ықпал ете алатын мамандар" туралы айтты. Бірақ Тоқаевтың кімді меңзеп тұрғанын түсіну қиын.

"ПУТИНГЕ ЕРЕКШЕ РИЗАМЫН"

Қазақстан президенті халыққа үндеуінде Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгер күштерін енгізуді сұрау шешімінің дұрыстығын да баса айтты. Сол үшін Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан басшыларына алғыс айтты.

Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге бөлек ризашылық білдірді. "Ол менің үндеуіме жедел, ең бастысы, жолдастық ниетпен үн қатты" деді ол. Бұған қоса ол Қытай, Өзбекстан, Түркия басшыларына, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына қолдау көрсеткені үшін рахмет айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев елде жағдайдың тұрақталуына қарай бірнеше күннен бері ажырап тұрған интернет қосылады деді. Бірақ "ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін" ескертті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG