Accessibility links

БелТА Лукашенконың Назарбаевпен сөйлескенін жазды. Бірақ Назарбаевтың қайда екені әлі белгісіз


Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаев.
Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаев.

Беларусьтің мемлекеттік агенттігі БелТА Беларусь режимінің басшысы Александр Лукашкенко 7 қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Бұл ақпаратты Лукшаенконың ресми хабарламаларын жариялап отыратын "Пул первого" телеграм каналы да шығарды.

Агенттіктің хабарлауынша, екеуі Қазақстандағы жағдайды талқылаған. Ресми агенттіктер екі тараптың тағы не айтқанын толық жазбаған.

Назарбаев жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпады. Әдетте Қазақстандағы негізгі тақырыптарға пікір білдіріп отыратын ол елде қаңтардын басынан бері болып жатқан жағдайға қатысты ешқандай сөз де айтпады. Оның қайда екені белгісіз. Ақорда да Назарбаев жайлы мәлімдеме жасамады.

7 қаңтарда қырғызстандық басылымдар Бішкек әуежайына Назарбаевтың отбасына тиесілі екі ұшақ келгенін жазды. Бірақ Азаттыққа бұл ақпаратты басқа дереккөздерден жеке тексеру мүмкін болмады.

5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Кейін Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесін басқаруды өз қолына алды.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені айтпады.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті. Тоқаевтың бұл шешімі ел ішінде наразылыққа ұшырады. Билік ҰҚШҰ әскерлері тек объектілерді күзететінін, тәртіпсіздікті басуға атсалыспайтынын айтты.
  • Қазір елде 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG