Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды


Кәрім Мәсімов
Кәрім Мәсімов

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайты мекеменің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің ұсталғанын хабарлады.

"6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-тармағы, мемлекетке опасыздық жасау ісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сол күні осындай қылмысты жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімов және басқа адамдар ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жариялауға жатпайды" делінген комитет сайтында.

56 жастағы Кәрім Мәсімов – Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі. Назарбаев оны 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындаған. Мұның алдында ол 2007-2012 және 2014-2016 жылдары екі рет премьер-министр қызметін атқарған.

ҰҚК-нің "басқа адамдар деп отырғаны кімдер екені белгісіз.

6 қаңтарда кей телеграм-арналар ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіштің ұсталғанын хабарлап, артынша ақпаратты жоққа шығарған. Самат Әбіш - Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Елдегі қайғылы оқиғалардан кейін ҰҚК басшылығы өзгергенде Самат Әбіш туралы ештеңе айтылмаған, тек комитет төрағасының орынбасары қызметіне жаңа орынбасардың тағайындалғаны айтылған.

Журналист Аркадий Дубнов Facebook-тегі парақшасында Назарбаевтың тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда ұсталғанын, ал экс-президенттің өзі Қытайда екенін жазған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG