Accessibility links

Қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстан азаматтарын Қырғызстанға өткізбей жатыр


Қазақ-қырғыз шекарасы.
Қазақ-қырғыз шекарасы.

7 қаңтар күні кешкі сағат 10:00 шамасынан бастап қазақ-қырғыз шекарасындағы "Сыпатай батыр" бекеті Қазақстан азаматтарын Қырғызстанға өткізбей жатыр. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, оған дейін Қазақстан азаматтарын Қырғызстанға кедергісіз өткізіп жатқан. Бірақ сол уақыттан бастап шекара қызметкерлері өткізуді тоқтатқан. Себебін сұрағанда ауызша бұйрық болған. Шекара бекеті қазір көрші елге тек шетел азаматтарын өткізіп жатыр. Ал бері қарай керісінше, Қазақстан азаматтарын кіргізеді де, шетел азаматтарын кіргізбейді.

– Қазақстанда жұмыс істейтін Қырғызстан азаматы "[Қазақстанға] қайтадан кіре аламын ба?" деп сұрағанда, "кіре алмайсың" деп айтты. Айгүл деген Алматы тұрғыны 7 қаңтар күні түнгі 12-ден кете келгенін, Түркияда ауыр ота жасатып келген қызын қарсы алу үшін Бішкектегі Манас әуежайына баруы керегін айтты. Сөзінше, қызының ақшасы жоқ, қолында емізулі баласы бар. Оны да өткізбей қойған. Шұхрат деген Қазақстан азаматы Бішкекте жұмыс істейді екен, оны да өткізбеді, – дейді Азаттық тілшісі.

Азаттық мәселенің мән-жайын білу үшін шекара қызметін бақылайтын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Майгүл Айнабековаға қоңырау шалды, бірақ жауап болмады.


Осыдан кейін Азаттық сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа хабарласты.

Азаттық: Кеше шекара жабылды ма?

Айбек Смадияров: Шекара ашық. Ұшақтар ұшып жатыр ғой. Кей компаниялар уақыша тоқтатты. Ұшатындары ұшып жатыр.

Азаттық: Ал жердегі шекара ше? Мәселен, қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстан азаматтарын арғы жаққа өткізбей жатқаны хабарланып отыр.

Айбек Смадияров: Ол бұрынғы Covid ережелері болар. Мысалы, Ресей азаматтары тек ұшақпен келіп жатыр, машинамен өте алмайды. Мүмкін сондай шығар. Жалпы шекара ашық.

Азаттықтың Шымкенттегі меншікті тілшісі Дилара Иса қазақ-өзбек шекарасындағы "Жібек жолы" бекетіне хабарласып көрді, бірақ өңірдегі шекара қызметінің баспасөз хатшысы хабарласып тұрғанның кім екенін білген бойда телефонды қоя салған. Жергілікті әкімдік шекараның ашық екенін, бірақ кімді кіргізіп, кімді кіргізбей жатқанынан бейхабар екенін айтты.

– "Жібек жолы" бекетіне жақын тұратын жергілікті тұрғындармен сөйлестім. Қазақстан азаматтарын арғы жаққа қарай өткізіп жатыр екен. Кеше кешке бір кісі Өзбекстанға барып келген. Таңертең барып, кешке қайтқан. Бірақ бүгін, 8 қаңтарда Өзбекстанға Қазақстан азаматтарын өткізіп жатыр дейді, – дейді Азаттық тілшісі Дилара Иса.

Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі Жаңагүл Жүрсін Ресейдің Орынбор қаласымен шекарадағы "Жайсаң" бекеті мен Орск қаласымен шекарадағы "Әлімбет" бекеті күшейтілген тәртіпке көшкенін, шекарашылардың автоматпен тұрғанын, бірақ Қазақстан азаматтарын шетелге шығарып жатқанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG