Accessibility links

Алматыда интернет қайта қосылды. Қанша уақыт істейтіні белгісіз


10 қаңтар таңертең Алматының бірнеше ауданында қолданушылар сайттар мен мессенжерлерге кіре алды. Қалада бірнеше күннен бері интернет істемей тұр. Қазақстанда әлеуметтік наразылықтар өршіген тұста "Қазақтелеком" ұлттық компаниясы 5 қаңтарда интернетті өшірген.

Дүйсенбі күні таңертең "Қазақтелеком" провайдеріне қосылған құрылғыларда шетелдік сайттар мен мессенжерлер ақаумен болса да ашылып тұрды. Интернеттің қанша уақыт істейтіні белгісіз. Соңғы бір-екі күнде бірқатар қалаларда интернет бірнеше сағат қана істеген.

Демалыс күндері Алматыда қолданушылар бір-біріне Телеграмға қосылуға мүмкіндік беретін тегін проксилерді жолдап жатты. Ақпаратқа қарағанда, Алматыда жүз мыңдаған адам интернетке кіре алмай қалған. Кейбір қолданушылар VPN-ның көмегімен интернетке кіріп жатты.

Қалада кейбір мемлекеттік және жартылай мемлекеттік жаңалықтар сайты мен форумдар ғана ашық болды. 8 қаңтарда ресми сайттар Halyk және Kaspi төлем сервистерінің ашылғанын хабарлады. Мұндай жаңалық көптеген тұрғын банкоматтан ақша ала алмай, азық-түліксіз қалғанына шағымданған кезде шыққан.

Екі миллионға жуық тұрғыны бар қалада интернет 5 қаңтар кешкі уақыттан бастап шамамен 111 сағат болмады. Тек 6 қаңтарға қараған түні төрт сағатқа интернет берілген. Сол кезде Ақорда бұрынғы премьер-министр, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің қызметінен босатылғанын хабарлады. Екі күннен кейін оның және өзге лауазымды тұлғалардың "мемлекетке сатқындық жасау" бабы бойынша күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалғаны белгілі болды.

8 қаңтарда цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин алдағы күндері қалада интернет ішінара болатынын мәлімдеген.

10 қаңтарда Қазақстанда қаралы күн. Билік "террористік әрекет" деп атаған оқиғаның салдарынан қанша адамның зардап шеккені белгісіз. 9 қаңтарда үкіметшіл телеграм арнасы қаңтардағы оқиға кезінде 164 адамның қаза болғанын хабарлады. Кейін денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG