Accessibility links

Басқарма: Алматыда тәртіпсіздік кезінде 1,2 мың адам дәрігер көмегіне жүгінді


Алматыда қаңтардағы оқиға кезінде 1200-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Нариман Табынбаев хабарлады. Оның сөзінен Informburo сайты үзінді келтіреді.

"4 қаңтардан бері 1205 адам көмек сұрап жүгінді. 329 адам ауруханадан шықты. Онда 176 адам қалды, реанимацияда 18 пациент жатыр. Үшеуі – бала. Жедел жәрдем көрсету ауруханасында және орталық ауруханада болдым. Барлық дәрігер жұмылдырылған, дәрі-дәрмек жеткілікті. Оқ жарақаты болғанына қарамастан дәрігерлер барлығына көмектесті" деді Табынбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қазір жедел жәрдем қызметі қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. 85 бригада жұмысқа шыққан, резервте 18 бригада бар. Ол сонымен бірге жедел жәрдем көлігіне шабуыл жасалғанын, соған қарамастан дәрігерлер міндеттерін адал атқарғанын айтты.

Алматыда қаңтар басындағы наразылық пен тәртіпсіздіктер кезінде көптеген жүргізуші мен қызмет түрлері жанар-жағармай тапшылығына ұшыраған. Қалада байланыс нашарлап, интернет өшірілген.

Өткен аптаның соңынан бері қалада жағдай тұрақтала бастады. 10 қаңтарда қоғамдық көліктер жұмыс істей бастады. Жексенбі күні ірі сауда желілері, базарлар, дәріханалар мен жанар-жағармай станциялары іске қосылды.

ІІМ елде шамамен он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлады. Билік ұсталғандардың "адам өлтіру, тонау мен террорлық шабуылдарға қатысы бар-жоғын" тексеретінін айтқан.

Қаңтар айындағы оқиға кезінде нақты қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Бұған дейін үкімет 164 адамның опат болғанын хабарлаған, кейін жоққа шығарып, оны "техникалық қателік" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG