Accessibility links

Ақорда маңында суретші Асхат Ахмедияров белсенділерді қолдап, перформанс өткізді


"Белсенділер – экстремист емес". Cуретші Асхат Ахмедияровтың перформансы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

"Белсенділер – экстремист емес"

12 қаңтарда Нұр-Сұлтанда суретші Асхат Ахмедияров Ақорда маңында ұсталған белсенділер мен журналистерді қолдап, перформанс өткізді. Шапанының ішіне "Белсенділер – экстремист емес", "Белсенділерді босатыңдар!" деп ақ-қызыл түсті матамен жазып алған суретші бұл әдіс қолдан жұлып әкететін плакаттан гөрі әлдеқайда тиімді екенін айтты.

– Қазақстанның түрлі өңірінде бейбіт азаматтар, белсенділер ұсталды. Бұл өзгерісті талап еткен бейбіт азаматтар. Арасында қоғам белсенділері, қайраткерлер де бар. Олар қазір әкімшілік баптар бойынша қамауда отыр. Менің бауырым Лұқпан Ахмедияров та 488-бап 6-бөлігі бойынша "заңсыз митингіні ұйымдастырды" деген айыппен қамауда отыр. Ол шарада журналист ретінде сөйлеген. Оның алаңда болғаны рас. Полицияның ойынша, осының өзі әкімшілік іс қозғау үшін жеткілікті" деді Асхат Ахмедияров.

Оның сөзіне қарағанда, осы сияқты жайттар Қазақстанда көп. Ол белсенділердің митингіні ұйымдастырмағанын айтып, "негізсіз қамалып жатқанын" айтты.

Белсенділерді қолдап, Ақорда маңында перформанс өткізіп тұрған суретші Асхат Ахмедияров пен аумақта жүрген полицейлер, арнайы күзет қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 12 қаңтар 2022 жыл.
Белсенділерді қолдап, Ақорда маңында перформанс өткізіп тұрған суретші Асхат Ахмедияров пен аумақта жүрген полицейлер, арнайы күзет қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 12 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтардағы оқиғадан кейін Ақорда айналасына бетон қоршаулар қойылып, бекітілген. Аумақты күні-түні президенттің күзет қызметі қадағалап тұрады. Мұнда әскери техника, өрт сөндірушілердің көліктері де тұр.

Асхат Ахмедияров перформансты Ақордаға неғұрлым жақын аумақта өткізгісі келгенмен күзеттің салдарынан оны Ақорда маңындағы Министрліктер үйі жанында өткізді.

Журналистер белсендіден сұхбат алып тұрған кезде полиция оны ұстаған жоқ. Алайда шарадан кейін суретшінің телефоны өшіп қалды. Оны полицияның ұстағаны-ұстамағаны белгісіз.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтан кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде із-түзсіз жоғалған немесе соққыға жығылған, негізсіз ұсталды деп хабарланған белсенділер де көп. Бұған жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар да алаңдап отыр.

Ресми ақпарат бойынша, қаңтардың басындағы наразылық пен "тәртіпсіздіктерден кейін" елде он мыңға жуық адам ұсталған. Билік ұсталғандардың "адам өлтіру, тонау мен террорлық шабуылдарға қатысы бар-жоғын" тексеретінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG