Accessibility links

Дариға Назарбаева "сырқаттануына байланысты" мәжіліс жиынына қатыспаған


Дариға Назарбаева. 2019 жылғы сурет
Дариға Назарбаева. 2019 жылғы сурет

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева 11 қаңтарда парламенттегі отырысқа қатыспағаны айтылды.

Мәжілістің баспасөз қызметі ҚазТАГ ақпарат агенттігіне Назарбаеваның сырқаттанып қалғанын айтқан. Мәжіліс ресейлік РИА Новости ақпарат агенттігіне де Назарбаеваның ауырып қалғанына байланысты отырысқа келмегенін мәлімдеген.

Orda.kz сайты Дариға Назарбаеваның көмекшісі Жанна Ермековамен сөйлескенін жариялады. Ермекова Назарбаеваның "Алматыдағы үйінде екенін, коронавируспен ауырып қалғанын" жеткізген.

Азаттық тілшілері Назарбаеваның 5 қаңтардағы отырысқа да келмегенін байқаған.

Дариға Назарбаева бір жыл бұрынғы парламент сайлауында биліктегі "Нұр Отан" партиясы атынан мәжіліске депутат болып сайланған. Ол кезде бұл партияны әкесі Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған еді. Кейін Назарбаев партия төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған еді.

Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте Нұрсұлтан Назарбаев жайлы бір ауыз сөз ғана айтып, бұл сөзінің өзінде Назарбаевты түйреп өтті.

"Бірінші президент - "елбасы" тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен "Қазақстан халқына" қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс" деді ол.

Бұған қоса, Тоқаев "елдегі олигархтар тобы бәсекелестікті төмендетті" деп мәлімдеді.

Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары, маңындағы адамдар елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр.

2016 жылы Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) панамалық Mossack Fonseca фирмасының құжаттарынан үзінділер жариялады. Онда Дариға Назарбаеваның да аты аталды. Құжатта "Dariga N. Nazarbayeva" есімі британдық Виргин аралдарындағы Asterry Holdings LTD оффшор компанияның тең қожайыны ретінде аталған. "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевтің офшор компаниясы жайлы да ақпарат болған.

Дариға Назарбаеваның Лондондағы қымбат үйлері де біраз дауға ілінген.

Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелері мен оның күйеу балаларының 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады, елде болған наразылық пен тәртіпсіздікке қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Қазақстан билігі жағдай ушыққан тұста интернетті ажыратып тастады. Ақпараттық вакуумда қалған тұста Назарбаев пен оның отбасы елден кетіп қалды деген сыбыстар тараған. 8 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде бірнеше сөйлеммен Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.

Назарбаевтан хабар жоқ, қызы "ауырып жатыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты наразылық болып, оны елдің басқа аймақтары да қолдаған.

5 қаңтарда Алматыда және елдің басқа аймақтарында тәртіпсіздік болып, белгісіз адамдар тобы әкімдіктерді өртеп, тонай бастады. Тәртіпсіздік кезінде кемі ондаған адам қаза тапты. 8 қаңтардан бастап билік елде жағдай реттеле бастағанын айтты. Ақорда "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болғанын" мәлімдеді, бірақ бұл төңкерісті кім я кімдер жасамақ болғаны айтылмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG