Accessibility links

Өскеменде наразылық пен тәртіпсіздіктің салдарынан кемінде үш адам қаза болған


Семейдегі митинг. Шығыс Қазақстан облысы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Семейдегі митинг. Шығыс Қазақстан облысы, 5 қаңтар 2022 жыл.

"[Өскеменде] қалалық ауруханадағы жаппай тәртіпсіздіктен соң үш адамның өлімі тіркелді" деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысының коменданты, полиция полковнигі Серік Жүнісбеков.

Азаматтардың жәй киім кигені ғана айтылады. Басқа ақпарат жоқ. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті "сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның жай-жапсары анықталады" деп хабарлады.

Бұл Шығыс Қазақстан облысында наразылық пен тәртіпсіздікке байланысты адам өлімі жайлы таратылған алғашқы ресми хабарлама. Бұған дейін полиция департаменті Азаттық тілшісіне "ешкімнің өлмегені анық" деп айтқан. Жарақаттанған немесе жағдайы ауыр азаматтардың хәлі жөнінде хабарды ресми органдар таратпаған.

Серік Жүнісбековтің айтуынша, облыста наразылық кезінде 100 тұрғын және 111 полиция және әскер қызметкері жарақаттанған.

Аймақта ресми мәлімет бойынша мыңнан астам адам ұсталған. Полиция төтенше жағдайға сүйеніп, ресми ақпарат бермеді. ШҚО-да сонымен бірге белсенділер де ұсталған. Олардың нақты қайда екені белгісіз.

Ақпаратқа қарағанда, жергілікті Altaynews.kz сайтының редакторы Дарын Нұрсапар "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен әкімшілік қамауға алынған. "Әдіз сөз" баспасөз қорғау ұйымының айтуынша, аталған сайт Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының Шығыс Ақпарат" холдингіне тиесілі.

  • Шығыс Қазақстан облысында Жаңаөзенді қолдаған наразылық акциялары 5 қаңтарда кешке басталған. Семейде таңертең орталық алаңды қоршаған полиция митингінің өтуіне кедергі жасамаған. Қалада интернет және мобильді байланыс бұғатталған жоқ. Кешкі 8-ге дейін наразылықтар бейбіт өткен. Наразылардың алдына қала әкімі шығып, "арандатушыларға ермеуге" шақырған. Кешкі сағат 8 жарымдар шамасында мобильді байланыс пен интернет өшірілгеннен кейін полициямен қақтығыс басталған. Қақтығыстың нәтижесінде жергілікті әкімдік басып алынған. Өскеменде де осыған ұқсас жағдай болды. Онда полицияның модульдік бекеттері мен қала әкімдігінің ғимараттары бүлінді. Семей мен Өскеменде шамамен 3 мың адам наразылыққа шықты.
  • Тәртіпсіздік кезінде қалада атыс қаруы, суық қарулар, қолдан жасалған жанғыш қоспалар пайдаланылды. 5 пен 10 қаңтар аралығында Семейде интернет өшірілді. Өскеменде журналистердің хабарлауынша, 10 қаңтарда интернет таңертең екі сағатқа ғана ашылған.
  • Полиция департаментінің мәліметінше, қазір облыста жағдай тыныш. 10 қаңтарда Семейде орталық алаң ашылған.
  • Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары наразылықтың нәтижесінде із-түзсіз жоғалған азаматтардың көбеюіне, сонымен бірге бейбіт азаматтардың қаза болуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар Қазақстан билігін оқиға жайлы барынша толымды ақпарат беруге шақырып жатыр.
  • 12 қаңтарда халықаралық Amnesty International ұйымы Қазақстан билігін ұсталған журналистер мен белсенділерді босатып, ұсталғандардың құқықтарын сақтауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG