Accessibility links

Қазақстанда коронавирустың рекордтық көрсеткіші тіркелді


Медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакцинаны ұстап тұр. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакцинаны ұстап тұр. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 13 қаңтарда 10 418 адамнан коронавирус анықталған. Індет басталғалы бері мұндай көрсеткіш тіркелмеген. Былтыр жазда елде індет ушығып, ауруханалар толған кезде күніне 8 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған еді. Бейсенбі күні 1279 адам коронавирустан жазылған.

10 418 науқас төмендегі аймақтардан анықталған:

  • Нұр-Сұлтанда – 5 548
  • Алматыда – 1 115
  • Шымкентте – 370
  • Ақмола облысында –290
  • Ақтөбе облысында – 323
  • Алматы облысында – 257
  • Атырау облысында – 437
  • Шығыс Қазақстан облысында – 31
  • Жамбыл облысында – 104
  • Батыс Қазақстан облысында – 186
  • Қарағанды облысында – 820
  • Қостанай облысында – 97
  • Қызылорда облысында – 318
  • Маңғыстау облысында – 200
  • Павлодар облысында – 150
  • Солтүстік Қазақстан облысында– 25
  • Түркістан облысында – 147 науқас тіркелген.

2020 жылдың наурызынан бері ресми мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандар 1 024 004-ге жеткен.

Қазір 44,7 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. Бес мыңнан астамы ауруханада жатыр. 208 адамның жағдайы ауыр, 76 пациенттің жағдайы өте ауыр, 42 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Коронавирустың таралуы бойынша "қызыл аймақта" Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Ақтөбе Ақмола, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстары тұр. "Сары аймақта" : Алматы облысы, Жамбыл, Қостанай облыстары, "Жасыл аймақта": Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары тұр.

Қазақстанда пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі де 2020 жылдың тамыз айынан бері есепке алынып келеді. Содан бері 84 мың науқас тіркелген. Орташа есеппен күніне ондаған адамға сондау диагноз қойылады.

Билік коронавирусқа байланысты 14 қаңтардан бастап шектеу шараларын күшейте бастайтынын хабарлады. Жаңа ереже бойынша, ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, бассейн, монша, фитнес-орталықтарына Ashyq қосымшасында "жасыл" статусы барлар ғана бара алады.

Қазақстанда коронавирустың рекордтық көрсеткіші қаңтар басындағы наразылық пен тәртіпсіздіктерден кейін жарияланған төтенше жағдай кезінде тіркеліп отыр.

Елде коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын 8,5 мың адам алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG