Accessibility links

Шымкентте жарамсыз ескі көліктерін өткізе алмай жүрген тұрғындар наразылық білдірді


Шымкентте жарамсыз ескі көліктерін өткізе алмай жүргендер шағынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

14 қаңтар күні Шымкентте ескі көліктерді қабылдау орнына жақын жердегі автотұраққа отыздан аса адам жиналды. Олар үкіметтен істен шыққан жарамсыз көліктерін қабылдау пунктерін тездетіп ашуды сұрады. Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды тапсырған.

Пайдалануға жарамсыз болып қалған жүздеген көлік тұрған тұраққа келгендердің ішінде ескі көліктерді алып, сататындар да бар. Олар қаңтардағы оқиғалардан соң ескі көліктерді қабылдау бекеттерінің жабылып қалғанына наразы.

1985-2000 жыл аралығында шыққан жарамсыз ескі үш көлікті сатып алған Мұрат Ақылбайұлы әр көлік үшін автотұраққа күніне 200 теңге төлейтінін айтты. Әрқайсысын 170 мың теңгеден сатып алып, есептен шығарып, утилизацияға дайындау үшін 15 мың теңге жұмсаған. Ескі көліктерді алып, сатуды кәсіп етіп, отбасын асырап жүрген ол "Егер ескі көліктерді қабылдау кешіксе пайда таппақ былай тұрсын кері кететін түріміз бар" дейді.

Бекеттер істен шыққан көліктерді жеңіл және жүк техникасы деп бөліп қабылдайды. Арман Оралбаев өткен жылы жарамсыз екі тракторын өткізіп, Қазақстанда шыққан жаңа көлікті сатып алуға 2 миллион теңгенің сертификатын алған.

- Автосалондарға барып көлік алайын десем, сертификаттарды қабылдамай тастады. Мына сертификат маусым айына дейін жарамды. Оған дейін көлік алмасам, күйіп кетеді, - дейді Оралбаев.

Жиналғандар "Оператор РОП" компаниясы жекеменшіктен мемлекеттің иелігіне өтетін болса, ескі көліктерді бұрын өткізген, не сатып алып өткізе алмай тұрған адамдар зиян көрмесе дейді. Олар үкімет жарамсыз ескі көліктерді қабылдауды тездету керек деп санайды. Әйтпесе, шығынға батамыз деп алаңдайды.

Жиналғандар шағымын бейбіт түрде айтқан соң тарады.

Автотұрақтың жанындағы "Оператор РОП" компаниясының ескі көліктерді қабылдау бекеті жабық тұр. Бекет күзетшілері Азаттық тілшісіне қаңтар оқиғаларынан соң жұмыс тоқтағанын, қашан ашылатынын білмейтінін айтады.

Қаңтар айының басында Жаңаөзенде "газ бағасын көтеру" талабымен шыққан наразыларды Қазақстанның басқа қалалары да қолдаған. Әлеуметтік-экономикалық талаптармен басталған наразылықтың соңы саяси талаптарды қоюмен жалғасқан.

11 қаңтар күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алымнан түскен қаржы аударылатын "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды бұйырған. Бұл компания Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваның қатысы бар екені айтылады.

31 желтоқсанда "Оператор РОП" компаниясы ресми парақшасында 2022 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тозығы жеткен 70 мың ескі көлікті қабылдауға квота бөлінгенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG