Accessibility links

Қазақстанда коронавирус бойынша тағы рекордтық көрсеткіш тіркелді


Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

14 қаңтарда Қазақстанда 12 381 адамнан коронавирус анықталған. Бұл коронавирус бойынша рекордтық көрсеткіш. Былтыр жазда елде індет ушығып, ауруханалар толған кезде күніне 8 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған еді.

12 381 науқас төмендегі аймақтардан анықталған:

  • Нұр-Сұлтанда – 5 788
  • Алматыда – 1 549
  • Шымкентте – 380
  • Ақмола облысында –330
  • Ақтөбе облысында – 300
  • Алматы облысында – 405
  • Атырау облысында – 521
  • Шығыс Қазақстан облысында – 105
  • Жамбыл облысында – 192
  • Батыс Қазақстан облысында – 246
  • Қарағанды облысында – 1521
  • Қостанай облысында – 104
  • Қызылорда облысында – 320
  • Маңғыстау облысында – 234
  • Павлодар облысында – 223
  • Солтүстік Қазақстан облысында– 22
  • Түркістан облысында – 141 науқас тіркелген.

2020 жылдың наурызынан бері ресми мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандар 1 036 385-ге жеткен. Содан бері 13 072 адам қайтыс болған. 13 қаңтарда 10 адам көз жұмды.

Қазақстанда пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі де 2020 жылдың тамыз айынан бері есепке алынып келеді. Содан бері 84 мың науқас тіркелген. Орташа есеппен күніне ондаған адамға сондай диагноз қойылады. 13 қаңтарда коронавирус пневмониясынан 2 адам қайтыс болған. Бір жарым жылға жуық уақыт ішінде аурудың осы түрі 5 233 адамның өліміне себеп болған.

Қазір 55,8 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 5,5 мыңнан астамы ауруханада жатыр. 211 адамның жағдайы ауыр, 86 пациенттің жағдайы өте ауыр, 47 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Коронавирустың таралуы бойынша "қызыл аймақта" Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Ақтөбе Ақмола, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстары тұр. "Сары аймақта" : Алматы облысы, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары, "Жасыл аймақта": Солтүстік Қазақстан облысы ғана тұр.

Қазақстанда коронавирустың рекордтық көрсеткіші қаңтар басындағы наразылық пен тәртіпсіздіктерден кейін жарияланған төтенше жағдай кезінде тіркеліп отыр.

Елде коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын 8,6 мың адам алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG