Accessibility links

Сот Алматы әкімінің отставкасын талап еткен белсендіге айыппұл салды


Алматыда Әл-Фараби мен Қожанов көшелері қиылысындағы көпірге ілінген қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап еткен жазуы бар плакат. 15 қаңтар 2022 жыл.
Алматыда Әл-Фараби мен Қожанов көшелері қиылысындағы көпірге ілінген қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап еткен жазуы бар плакат. 15 қаңтар 2022 жыл.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап етіп, көпірге плакат ілген белсенді Дияр Жұмаділовке 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (30 630 теңге немесе шамамен 70 доллар) айыппұл салды. Бұл жөнінде белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, сот онлайн өткен, бірақ оған өзін қатыстырмаған.

"Мен жергілікті полиция жетекшісімен сөйлестім. Ол жақта сотқа қосуға уәде берген. Алайда сот бірден тараптарды тыңдауға кірісіп, он АЕК көлемінде айыппұл салды, сонымен сот аяқталды" деді адвокат Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Дияр Жұмаділов сотта "қандай да бір тәртіпсіздік жасау немесе төтенше режимін бұзу ниеті болмағанын, тек пікірін айтқысы келгенін" жеткізген.

Сот белсендіні "төтенше жағдай режимін бұзды" (476-бап 3-бөлік) деп таныған.

15 қаңтарда таңертең Алматыда Әл-Фараби мен Қожанов көшелері қиылысындағы көпірде қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап еткен жазуы бар плакат пайда болған. Артынша плакат авторы Дияр Жұмаділовтің ұсталғаны белгілі болды.

Бес метрлік баннерде "www.otinish.kz сайтындағы петицияға 20 мыңнан астам адам қол қойып үлгерді. Қала мен облыс әкімдерін халық сайлауы тиіс" деп орысша жазылған. (Уже 20К подписали петицию на www.otinish.kz. Мы за выборы акимов городов и областей народом) деп жазылған.

"Алматы тұрғыны ретінде Сағынтаев мырзаның әкім болғанына қарсымын, оны тиімді басқаратын жетекші деп санамаймын. Болған оқиғадан кейін оның осындай жоғары қызметте отыруына моральдық құқығы жоқ. Қазір Алматы мен ізінше Қазақстанның барлық өңірінде әкімдерді мажоритарлық жүйе бойынша, яғни тізім емес, нақты кандидат бойынша сайлау әдісін енгізетін жақсы мүмкіндік туып тұр. Халық сайлаған әкім қала игілігіне жұмыс істейді" деген Жұмаділов. Оның сөзін Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметі келтіреді.

Бұған дейін Алматы тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап етіп, петицияға қол жинай бастаған еді. 15 қаңтар күнгі мәлімет бойынша оған 24,6 мыңнан астам адам қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG