Accessibility links

Швеция Ресей әрекетіне байланысты Готланд аралында қорғанысты күшейтті


Готланд аралы.
Готланд аралы.

Швецияға тиесілі Балтық теңізіндегі Готланд аралында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Швеция қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұған аймақта Ресей әскери белсенділігінің артуы себеп болған.

Жұмадан бастап аралдың әкімшілік орталығы Висби қаласының көшелерін әскери қызметкерлер күзете бастаған. France-Press агенттігі көшеде он шақты бронды техника мен ондаған солдат жүргенін жазды. Аралға қосымша әскер әкелінетіні де хабарланған.

Балтық теңізінде Ресей әуе-ғарыш күштерінің ондаған ірі кемесі пайда болғаннан кейін және Мәскеу мен НАТО арасында Украинаға байланысты жағдай ушыққан шақта осындай шаралар қабылданған.

"Қарулы күштер Швецияның тұтастығын қорғау үшін және Швецияны қорғауға мүмкіндігі бар екенін көрсету үшін қажетті шаралар қабылдайды" деді қорғаныс министрі Петер Хултквист.

Швеция – НАТО мүшесі болмағанмен бірқатар сала бойынша Солтүстікатлантикалық одақпен ынтымақтастық орнатқан. 2014 жылы Ресей Қырымды басып алғаннан кейін Швеция қорғанысын мығымдауға кіріскен. Атап айтқанда, әскери қызметке шақыруды қайта қолға алып, Готландқа әскери гарнизон жіберген. Арал Ресейдің Калининград облысынан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан.

Көрші Финляндия тәрізді Швеция билігі де НАТО-ға кіру құқығын өзі шешетінін, алайда қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрмағанын айтты. Мәскеу Швеция НАТО-ға қосылса, "салдары болатынын" айтып, қоқан-лоқы жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG