Accessibility links

Сот "Тоқаевқа сұрақ қойғаннан кейін" қамалған журналистің жазасын қысқартты


17 қаңтарда Көкшетау қаласының әкімшілік сотының судьясы Әсем Шәукенова он күнге қамалған журналист Нұржан Баймулдинге шыққан сот шешімін қарап, әкімшілік қамау мерзімін 12 күннен бес күнге қысқартты. Бұл жөнінде "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева хабарлады. Журналист 17 қаңтарда қамаудан босап шыққан.

Бұған дейін қала прокуроры аталған сот қаулысына апелляциялық өтініш түсірген. Баймулдиннің адвокаты Айгүл Қалқаманова да шешімді апелляцияға берген.

Қорғау тарабы апелляциялық шешіммен келіспейді және қазақстандық сот инстанцияларынан өткеннен кейін БҰҰ-ға шағымдануды жоспарлап отыр.

12 қаңтарда Ақмола облысы Көкшетау қаласының соты Kokshetau Asia сайтының шеф-редакторы Нұржан Баймулдинді "төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасады" деп танып, он күнге қамаған. Бұған журналистің әлеуметтік желіде "Тоқаев Путинге есеп берді" деген жазбасы түрткі болған. Онда Баймулдин Тоқаевтан жаңа үкімет құрамын жариялайтыны жөнінде не үшін ҰҚШҰ жиынында баяндағанын сұраған. Сот қаулысына сәйкес, сот отырысында Баймулдин өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Судья жауапкердің "жазбада тек сұрақтар ғана болды, тұжырым болған жоқ" деген уәжін қабылдамаған.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының 10 қаңтар күнгі кезектен тыс сессиясында Қазақстан президенті жаңа үкімет құрамы бойынша парламентке ұсыныс жасайтынын хабарлаған. Президенттің сөзін ресми БАҚ жариялады. 11 қаңтарда парламент Тоқаевтың ұсынысын қабылдап, сол күні үкімет құрамы бекітілген.

Қазақстанда қаңтар басындағы наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішімен елге ҰҚШҰ әскері кіргізілген. Биліктің бұл шешімін көптеген белсенді сынаған еді.

Бұған дейін Тоқаев елге "халықаралық террористік топ шабуылдағанын" айтқанмен оған дәлел келтірмеген.

ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан 13 қаңтардан бастап шығарыла бастаған. Ресей тарабының айтуынша, әскер елден 19 қаңтарға дейін толығымен шығарылуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG