Қазақстандағы наразылықтар кезінде жоғалған қырғыз азаматы Шолпонбек Сыдықов Алматы қаласында табылды.
Шолпонбектің айтуынша, оны құқық қорғау қызметкерлері ұстап, полиция бөлімінде ұрған: қырғыз азаматының қабырғалары мен екі аяғы сынған. Бұл туралы Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанның Алматыдағы бас консулы Назарәлі Әріповке сілтеме жасап хабарлады.
Дипломат жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына бейнежазба тапсырды. Видеода Сыдықов басынан өткерген оқиғаларды баяндады. Шолпонбектің айтуынша, тіркеуге тұру уақыты аяқталып бара жатқан соң ол таксимен Бішкекке шыққан, бірақ оны Алматының шетіндегі блокпостта әскерилер тоқтатқан.
"Қазақ құжаттары барлардың бәрін жіберді, ал қырғыз құжаты барларға: "Көліктен шығыңыздар. Құжаттар тексеріледі", - деді. "Құжаттарымның бәрі дұрыс, өзіңіз қараңыз", - деп едім, оған қарамастан құжаттарымды бір полиция қызметкеріне ұстата салды", – дейді қырғыз азаматы.
Шолпонбек Сыдықовтың хабарлауынша, оны сол жерде көлікке отырғызып, телефонын тартып алған. Сол автокөлікте оны екі мәрте ұрған. Полиция бөлімшесіне жеткізген.
"Бізді қайда алып келгенін білмеймін. Баспалдақпен көтерілгеніміз есімде. Бәрімізді қабырғаға тақап қойып ұра бастады. Бәрін ұрын, бәріміз айқайладық. Таңғы сағат 10-нан бастап ұрса, түске жақын менің аяғымды сындырды. Жұдырықпен ұрды, тоқпақтады, тепті", – деді ол.
Бас консул Назарәлі Әріповтің хабарлауынша, дипломаттар ауруханаларға телефонмен хабарласқан, одан соң Алматыдағы медициналық мекемелерді өздері аралай бастаған. 19 қаңтарда олар Сыдықовты Алатау ауданындағы ауруханадан тапқан. Оған гипс салынған, бірақ шұғыл ота жасау қажет болған. 20 қаңтарда бас консулдық жедел көмек көлігін ұйымдастырып, науқасты қазақ-қырғыз шекарасына жеткізеді.
Сыдықовты іздеу 8 қаңтарда басталған. Оның Алматыдағы дос қызы Айгүл Сартбаева 46 жастағы қырғыз азаматының жоғалып кеткенін әлеуметтік желіде жазған. Шолпонбек қалада жиһаз жасау шебері болып істейді. Сыдықов наразылықтарға қатыспаған, оның үйде отырғанын дәлелдейтін куәгерлер бар.
19 қаңтарда төрт қырғыз азаматы еліне оралды. Оларды да Алматыдағы қақтығыстарға қатысты деген күдікпен ұстаған.
Қазақстанда қаңтардағы қақтығыстар кезінде 227 адам қаза тапты, деп хабарлады ресми билік.
Қарай отырыңыз: Қырғызстаннан келген музыкант қалайша "тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіге" айналды? (11 қаңтар 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР