Accessibility links

Полиция Жанболат Мамайды "жаппай тәртіпсіздік ісі" бойынша тергеуге шақырды


Жаңаөзенді қолдаған алматылық белсенділер. Арасында Жанболат Мамай да бар (дауыс үдеткішті ұстап тұр). 3 қаңтар 2022 жыл.
Жаңаөзенді қолдаған алматылық белсенділер. Арасында Жанболат Мамай да бар (дауыс үдеткішті ұстап тұр). 3 қаңтар 2022 жыл.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамайды полиция "жаппай тәртіпсіздік ісі" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) бойынша тергеуге шақырған. Бұл жөнінде белсендінің өзі полициядан шыққаннан кейін Facebook парақшасында хабарлады.

– "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) бойынша тергемек болған. Бірақ адвокат Жанар Балғабаеваның денсаулығына байланысты тергеу кейінге қалдырылды. Осы іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер ретінде сондай статуспен алдағы уақытта тергеуге шақырамыз деп отыр. "Біз сіздің бұзақылыққа қатысыңыз бар ма, жоқ па, білмейміз. Соның барлығын тексереміз" деді, – деді Жанболат Мамай.

Былтыр желтоқсанда полиция Мамайдың үстінен "БАҚ арқылы жалған мәлімет тарату" бабы (274-бап) бойынша да іс қозғаған еді. 20 қаңтарда сол іс бойынша да сұрақ-жауап алған.

Ол бұл істердің саяси астары бар деп санайды және оны өзінің қоғамдық белсенділігімен байланыстырады.

Биыл жыл басында қаңтар оқиғасы кезінде белсендінің екі рет соққыға жығылғаны хабарланған. Ол Алматыда жүздеген адам қатысқан "Жаңаөзендегі наразылықты қолдау" акциясы кезінде ұсталып, кейін босатылған.

Жыл басында Қазақстанның көп өңірін қамтыған наразылық пен "тәртіпсіздіктен" кейін билік "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік" және "Ғимаратқа шабуыл жасау және басып алу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бас прокуратура осыған дейін 700-ге жуық қылмыстық іс қозғалғанын, 780 адамның күдікті ретінде ұсталғанын хабарлаған.

Белсенділер мен бейбіт азаматтардың жаппай ұсталып, азапталғаны жөнінде хабарларға алаңдаған жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін оқиғаны жан-жақты зерттеуге, ұсталғандардың құқығын бұзбауға және бейбіт жиынға шыққаны үшін қамалғандарды босатуға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG