Accessibility links

Алматыда табылған қырғыз азаматы Бішкекке жеткізіліп, бірден ауруханаға жатқызылды


Шолпонбек Сыдықов.
Шолпонбек Сыдықов.

Алматыда із-түзсіз жоғалып, 11 күннен кейін табылған Қырғызстан азаматы Шолпонбек Сыдықов Бішкекке жеткізілді. Бұл жөнінде Қырғызстан СІМ хабарлады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, Сыдықов бірден Бішкек травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына жатқызылған. Дәрігерлер өзара консилиум өткізіп, емдеу жөнінде ақпарат береді.

Шолпонбек Сыдықов Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде жоғалған. 19 қаңтарда оның екі аяғы мен қабырғасы сынғаны анықталды. Полиция оны 8 қаңтар күнгі арнайы операция кезінде Алматыдан Бішкекке қарай жол жүріп бара жатқан кезде ұстаған.

Шолпонбек Сыдықовтың туыстарының айтуынша, ол Алматыға жұмыс істеу үшін барған – мұнда жиһаз жасаумен айналысқан. Қазақстанның күштік құрылымдары оны тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен ұстап, Қошмамбет ауылына қарай алып кеткен. Бұған дейін Сыдықов қамау кезінде соққыға жығылғанын да айтқан.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты 10 қырғыз азаматы ұсталып, барлығы босатылған. Екі қырғыз азаматы қаза болған.

2 қаңтарда Қазақстанның батысында Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, бірнеше күнде елдің көп өңіріне жайылды. Билік Алматыға шетелде дайындықтан өткен-мыс "20 мың террорист" шабуылдағанын мәлімдеген. Соған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қаза болған. Қазақстан Бас прокуратурасы мәйітханаға 225 адамның жеткізілгенін, бір бөлігін – "терактіге қатысқан қарулы қарақшы" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG