Accessibility links

Шымкентте апелляция соты белсенді Ерғали Құлбаевты қамауда қалдырды


Белсенді Ерғали Құлбаев қала әкімдігі алдында өтеді деген митингіге келіп тұр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Белсенді Ерғали Құлбаев қала әкімдігі алдында өтеді деген митингіге келіп тұр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Шымкенттегі апелляциялық сот қалада болған қаңтар оқиғасынан соң "Бұзақылық" және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен күдікке ілінген белсенді Ерғали Құлбаевтың қамаудан босату туралы жеке шағымын қанағаттардырмады. 21 қаңтарда сот істі жабық қарады.

11 қаңтарда Шымкент қаласы мамандандырылған тергеу соты 36 жастағы Құлбаевты екі айға қамауға алған еді.

Құлбаевтың қорғаушысы Бақытжан Сатыбалдиевтың айтуынша, апелляциялық сот тергеу сотының қамау туралы қаулысын заңды деп тапқан.

- Қамалған соң түрмеге кіріп, Ерғали Құлбаевпен сөйлестім. Жағдайы жақсы. Ол тағылған айыпты мойындамайды. Айтуынша, өз ойын айту үшін алаңға барып, жиналғандарды арандап қалмауға шақырған. Қиратып, бүлдіруге қарсы болғаны үшін алаңда белгісіз біреулер соққыға жыққан, - дейді қорғаушы.

Бүгін, 21 қаңтарда жиырмадай белсенді Құлбаевты қолдап, қамаудан босатуды сұрап сот алдына жиналды. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевты бейбіт митингіге қатысқан адамдарды негізсіз қудаламауға шақырды.

Ерғали Құлбаев – бірнеше жылдан бері Шымкентте өткен түрлі наразылықтарға қатысып, пікірін ашық білдіріп жүрген белсенді. Наразылыққа шыққаны үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, 15 күнге дейін қамалған.

Құлбаевтан бөлек қаңтар оқиғасына байланысты Шымкентте тоғыз белсенді екі айға қамалған. Олардың дені "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен күдікке ілінген.

Белсенділер Шымкенттегі Сәуле ықшамауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне қамалып, тергеліп жатыр.

Қаңтар оқиғасына байланысты Шымкентте 271 адам әкімшілік іспен қамалды. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 75-і екі айға қамалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG