Accessibility links

Бас прокуратура: 464 адам терроризм мен жаппай тәртіпсіздік бойынша қамауға алынған


Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 22 қаңтар күнгі брифинг кезінде.
Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 22 қаңтар күнгі брифинг кезінде.

Бас прокуратура сенбі күні қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істер 819-ға жеткенін хабарлады. Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, оның ішінде 44 іс – терроризм бойынша, 36 іс – жаппай тәртіпсіздік, 15 - адам өлтіру бабы бойынша ашылған. Одан бөлек, ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне күш қолдану және тағы басқа қылмыстар бойынша істер тіркелген.

– Осы істер бойынша 970 күдікті қамауға алынған. Оның ішінде 782-сі сот санкциясымен қамалған. 29-ына үйқамақ түріндегі бұлтартпас жазасы қолданылған. 464 адам – терроризм және жаппай тәртіпсіздік істері бойынша ұсталған. 226 адам – ұрлық, 60 адам - қаруды заңсыз сақтау, 39 адам - қаруды жымқыру, 25 адам - бұзақылық, 21 адам тонау деректерімен қамауға алынған, – деді Елдос Қилымжанов.

Брифингте айтылған негізгі мәліметтер:

  • Прокурорлар Алматыдағы уақытша қамау изоляторын тексерген кезде дене жарақаты бар 73 адамды анықтаған. Үшеуі босатылған. Оқ жарақаты бар 29 адам қалалық ауруханаға жатқызылған. 41 адам тергеу изоляторында медициналық көмек алған.
  • Құқық қорғаушылар мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ұсталғандар мен қамалғандарға кіру мүмкіндігі берілген.
  • Прокуратураға азаптау мен азаматтардың құқықтарын бұзу бойынша 91 шағым түскен. 19 шағымдағы мәлімет расталмаған, 56-сы тергеліп жатыр.
  • Ұсталғандарды азаптау, өлтіру және оларға қатысты билік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша 16 қылмыстық іс ашылған.
  • Адвокаттарға қорғауындағы азаматтармен кездесу мүмкіндігі берілген, сәлем-сауқаттар әдеттегідей қабылданып жатыр.
  • Атырау мен Қызылорда қалаларында тергеу изоляторына қамалған екі адам медициналық көмекке зәру болғандықтан ауруханаға жатқызылған.

Қазақстанда қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандарды азаптау мен қысым көрсетуге қатысты шағымдар көбейген тұста Бас прокуратура мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдері осындай мәлімдеме жасап отыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар, жараланғандар және ұсталғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.

Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент Қазақстан шенеуніктеріне санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG