Accessibility links

"Рейбант ісі": Бірнеше жылдан бері ұлын жерлей алмай жүрген Петропавл тұрғыны полицейлерді жауапқа тартуды талап етті


Анасы Анатолий Рейбанттың өліміне полицейлерді кінәлайды.
Анасы Анатолий Рейбанттың өліміне полицейлерді кінәлайды.

Былтыр жазда 32 күн аштық ұстап, ұлының өліміне "кінәлі" полицейлерді жауапқа тартуды талап еткен Петропавл тұрғыны Ирина Рейбант ұлының денесіне тәуелсіз сараптама жүргізілуі тиіс деп санайды. Оның айтуынша, полицейлер ұстап, кейін босатқаннан кейін үш айдан соң көз жұмған ұлының бас сүйегі мен денесінің бір бөлігі әлі жерленбеген, қазір ауыл әкімдігінде сақтаулы.

Бұған дейін Анатолий Рейбанттың өліміне байланысты "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалғанмен "қылмыс құрамы болмағандықтан" қайта тоқтатылған еді. Жәбірленушінің адвокатының сөзіне қарағанда, істе жаңа жайттар табылғандықтан іс қайта ашылып, тергеу жүргізілуі тиіс деп санайды. Шағым Солтүстік Қазақстан облысы және Петропавл прокуратурасына жіберілген. Тағы бір шағым мен іс материалдары бас прокуратура қарауында. Марқұмның анасы мен адвокат құзырлы органдарды жаңа жайттарға назар аударуға шақырып отыр.

— Прокуратурадан істі сотқа жеткізуді сұраймын. Неге полицейлерді жасырып отыр? Ұлымды ұрғанын көрген адамдар бар ғой. Оны мен де көрдім. Баламды ұрып-соққаннан кейін ол аузымен ғана тыныс алатын болып қалды, бас ауруына шағымданып, ұйықтаған кезде ауыр демала бастады. Тек сотта ғана мән-жайдың бәрін ашып, нүкте қоюға болады. Маған ұлымды жерлеуге мүмкіндік беріңдер, кінәлілерді жазалаңдар, – деді құзырлы органдарға Азаттық арқылы қайырылған Ирина Рейбант.

Әйелдің полицейлерді жауапқа тартуын талап етіп жүргеніне биыл бес жыл толады. Бұған дейін полицияның жеке қауіпсіздік басқармасы мен прокуратура "қылмыс құрамын таппай" істі тоқтатқан. Рейбант учаскелік полиция қызметкері мен "жалған медициналық куәлік берген" Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы қызметкерін де жауапқа тартқысы келеді. Дәл осы орталықтың ауласында ұлын ұрып-соққан.

Адвокаттың жаңадан шағым түсіруіне Петропавл полициясының 2021 жылы желтоқсан соңында "қылмыс құрамы болмағандықтан" қызмет бабында жалған құжат жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын және "қылмыстық жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" "қасақана жалған құжатты пайдалану" фактісі бойынша тергеуді тоқтатуы себеп болған. Осыған дейін 2017 жылы "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" ісі бойынша тергеу амалдары жүріп жатқан кезде полиция қызметкері мен Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы қызметкерінің "қызмет бабында жалған құжат жасағаны" анықталған.

Адвокаттың пікірінше, полицияның шешімі 2017 жылдан бері жасалған айғақтар базасын "басынан аяғына дейін өзгертіп жіберген". Бұл қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жоюға негіз болады деп санайды адвокат.

Полициядан шыққаннан кейін Анатолий Рейбанттың бас сүйегі мен мұрны сынаған. Адвокаттың айтуынша, соның салдарынан оның миына зақым келіп, жүйке жұмысы нашарлай бастаған. Артынша Рейбант есін де жоғалта берген. Осының барлығы Анатолий Рейбантта механикалық асфикцияның дамуына түрткі болды дейді туыстары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG