Accessibility links

Бішкекте Болат Теміровті қолдау шеруі өтіп жатыр. Милиция оны босатқанын айтты


Қырғызстан ішкі істер министрлігі алдында журналист Болат Теміровті қолдау акциясына жиналған адамдар. Бішкек, 23 қаңтар 2022 ж.
Қырғызстан ішкі істер министрлігі алдында журналист Болат Теміровті қолдау акциясына жиналған адамдар. Бішкек, 23 қаңтар 2022 ж.

Бішкектегі Қырғызстан ішкі істер министрлігінің алдында Temirov LIVE YouTube-каналының негізін қалаған журналист Болат Теміровті қолдау акциясы өтіп жатыр деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Оған ондаған журналист, құқық қорғаушылар мен блогерлер қатысып тұр. Олар биліктен Теміровті дереу босатуды талап етті.

Қоғамда резонанс тудырған зерттеу материалдарымен танылған журналист Болат Теміровті 23 қаңтарға қараған түні милиция редакциядан алып кеткен.

Жексенбі күні митингіде сөйлеген белгілі зерттеуші журналист Әли Токтакунов "мұндай қатаң шаралар қырғыз журналистерінің басына қауіп төнгенін білдіреді" деп мәлімдеді.

Наразыларға шыққан ішкі істер министрлігі тергеу бөлімінің бастығы Сапарбек Аманқұлов "Болат Теміров ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды" деп хабарлады.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі алдында журналист Болат Теміровті қолдау акциясына жиналған адамдар. Бішкек, 23 қаңтар 2022 ж.
Қырғызстан ішкі істер министрлігі алдында журналист Болат Теміровті қолдау акциясына жиналған адамдар. Бішкек, 23 қаңтар 2022 ж.

Бұған дейін Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиев 23 қаңтарда түстен кейін сот журналиске бұлтартпау шарасын тағайындайды деген еді.

22 қаңтар кешке Temirov Live каналы кеңсесіне милиция қызметкерлері мен бетперде таққан адамдар келіп, бірнеше сағат тінту жүргізген. Өзін редакциядан әкетіп бара жатқан кезде Теміров "бұлар өздері әкелген есірткіні маған жаппақшы" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, милиция редакциядағы барлық компьютерді алып кеткен.

Заңгер Нұрбек Токтакуновтың Азаттыққа хабарлауынша, милиция әлдебір әйел адамның арызы бойынша Болат Теміровтің үстінен қылмыстық кодекстің "Есірткі пайдалануға мәжбүрлеу" бабымен іс қозғаған. Журналистің өзі бұл айыпты жоққа шығарады және мұны Қамшыбек Ташиевтің туыстары жайлы жүргізген журналистік зерттеумен байланыстырады дейді заңгер.

Норвегияның Хельсинки комитеті (Norwegian Helsinki Committee – NHC) Қырғызстан билігін күш құрылымдары өкілдері журналиске есірткіні әдейі тастады деген арызды "мейлінше тезірек" зерттеуге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG