Accessibility links

Жаңа Зеландия премьері Covid шектеуіне байланысты неке қию рәсімін кейінге қалдырды


Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн.
Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн.

Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн елде коронавирустың "омикрон" штамының таралуына байланысты келесі аптадан бастап шектеулер енгізілетіндіктен өзінің неке қию рәсімін кейінге қалдыруды ұйғарды деп хабарлайды Sky News телеарнасы.

"Өмір солай. Менің мыңдаған жаңазеландиялықтан еш өзгешелігім жоқ, олар пандемияның бұдан өткен зардабын тартты, мысалы, аса ауыр халде ауырып жатқан жақындарымен кездесе алмады, менікі оның жанында түк емес" деді ол.

Ардерн мен оның баласының әкесі Кларк Гэйфордтың неке қию рәсімі келесі аптада Гисборнда өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ қаңтардың басында Оклендте бір отбасындағы тоғыз адамның "оимкрон" жұқтырып алғаны анықталған.

Соған байланысты алдағы аптадан бастап Жаңа Зеландияда барлық адамдар қоғамдық орында бетперде тағып жүруге міндетті, бұған қоса қоғамдық жиындарға, мерекелік шараларға қатысатын адам санына да шектеу қойылды. Мектептер мен өмірлік маңызы бар кәсіпорындар жұмыс істей береді, бірақ көп жерге коронавирусқа қарсы вакцина алғаны жайлы құжат көрсетіп қана кіруге рұқсат етіледі.

Жаңа Зеландияда 12 жастан асқандардың 93 % COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина алған, ал халықтың 52 % үшінші қосымша вакцина салдырған.

2020 жылы Джасинда Ардерн премьер-министр болып екінші мерзімге сайланып, Жаңа Зеландия тарихына енді. Ол басқаратын Лейбористік партия сайлаушылардың 49 % қолдауына ие болып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен еді.

40 жастағы Ардерн 2017 жылы өз партиясы басқа екі партиямен біріккен соң елдегі ең жоғары лауазымды қызметке сайланған. Бір жылдан кейін ол әлемде жоғары қызметін атқара жүріп өмірге сәби әкелген үкімет жетекшісі атанды. Тіпті бала тууына байланысты декрет демалысында да болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG