Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті Киевтегі дипломаттарының отбасын эвакуациялауға кірісті


АҚШ-тың Украинадағы елшілігі.
АҚШ-тың Украинадағы елшілігі.

АҚШ мемлекеттік департаменті Киевтегі елшілігінде жұмыс істейтін дипломаттарының отбасын елден шығару туралы шешім қабылдаған. Бұған Ресейден төнген әскери қауіп себеп. Елшілікте жалданып жұмыс істейтін қызметкерлердің бір бөлігіне Украинадан өз еркімен кетіп қалуына рұқсат берілген. Бұл туралы 24 қаңтарда Reuters агенттігі хабарлады.

Бұған қоса мемлекеттік департамент Украина аумағындағы Америка азаматтарына да коммерциялық рейстермен шығып кетуге, Ресейге бармауға кеңес беріп отыр.

"Ресей Украинаға қарсы толыққанды әскери іс-әрекеттер жоспарлап отырғаны жайлы ақпарат бар. Украинамен шекарада, әсіресе Ресей басып алған Қырым мен Ресей бақылауындағы Украинаның шығысындағы қауіпсіздік жағдайын болжау қиын және жағдай аяқ астынан күрт нашарлап кетуі мүмкін" деген АҚШ сыртқы істер мекемесінің мәлімдемесін келтірген Bloomberg.

Мемлекеттік департамент өкілі Ресей Украина аумағына "кез-келген уақытта" басып кіруі мүмкін екенін, ондай жағдайда Вашингтон өз азаматтарын эвакуациялай алмайтынын айтқан.

Бұған дейін немістің Bild басылымы да Берлин өз дипломаттарын елден шығаруды жоспарлап отыр деп хабарлаған, бірақ билік мұны жоққа шығарған.

New York Times басылымы өткен аптада Украина қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды өкілінің сөзіне сүйеніп, Ресейдің Киев пен Львовтағы консулдығындағы дипломаттарға Украина аумағынан шығып кетуге дайын болу жайлы бұйрық берілгенін жазған. Ресей сыртқы істер министрлігі Киевтегі елшілігі әдеттегідей жұмыс істеп жатыр деп мәлімдеген.

Былтыр күзден бері ақпарат құралдарында Ресей әскерінің Украина шекарасы маңына шоғырланғаны туралы көп мәлімет жарияланды. АҚШ пен өзге де Батыс елдері Мәскеу әскери шабуылға дайындалып жатыр деп болжайды. Кремль мұны жоққа шығарып отыр.

Батыс елдері егер Мәскеу Украинаға басып кіретін болса, Ресейге "бұрын-соңды болмаған" санкция салатынын ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG