Accessibility links

"Самұрық-Қазына" штаты екі есе қысқарды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

"Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасы қызметкерлерін екі есеге азайтып, 9 құрылымдық бөлімді қысқартпақ. Бұл туралы 24 қаңтарда қор таратқан ресми хабарламада айтылған.

"Қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке; ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды; "кеңесші" қызметтері жойылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды. Қордың жаңа ұйымдық құрылымы ресми веб-сайтта жарияланған" делінген ақпаратта.

Бұған қоса, бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг, және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, қаржы министрлігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, "Атамекен" ҰКП-ге қарастыруға жіберілді. "Бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқартылды" делінген хабарламада.

Сонымен қатар, осы күннен бастап, "Самұрық-Қазына Инвест" бас директоры Аслан Сұлтановтың, "Samruk-Kazyna Construction" басқарма төрағасы Болатхан Сандықбаевтың, "Самұрық-Қазына Контракт" бас директоры Алмас Ақыловтың, "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" бас директоры Серікбек Елшібековтың уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді.

Елді дүрліктіріп, жүздеген адамның қазасына алып келген қаңтар оқиғаларынан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев активі елдің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына пара-пар "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мен өзге ұлттық компаниялардың жұмысында да көп нәрсе айқын емес деп сын айтқан.

"Самұрық-Қазына" қоры негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни "ұлттық байлықты еселей алды ма" деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?" деген президент үкіметке квазимемлекеттік саланы түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар дайындау жөнінде тапсырма берді.

"Егер "Самұрық Қазына" қорын қайта құру мүмкін болмаса, ел экономикасына мұндай құрылым қажет емес" деген еді Тоқаев.

2-7 қаңтар кезінде елдің түкпір-түкпірінде үкіметке қарсы наразылық болып, оның соңы қақтығыс пен атысқа ұласқан. Наразылық жиындары кезінде демонстранттар басқа мәселелермен қоса байлықтың әділ бөлінуін, кедейлікпен күресті, лайықты жалақы төлеуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG