Accessibility links

Қырғызстан билігі: Энергия жүйесі бірнеше сағатта қалпына келеді


Орталық Азияның "біріккен энергетикалық жүйесіндегі" ақаудан кейін Қырғызстан энергия желілері біртіндеп қалпына келе бастады. Бұл жөнінде Қырғызстан ұлттық энергохолдингісі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Энергетика министрлігінің тапсырмасымен елдегі энергетика компаниялары аталған жүйені айналып өтіп, энергия жабдықтарын қалпына келтіруге кіріскен. Елдегі электр өндіретін ірі нысандар қалыпты режимде істеп жатыр.

Бұған дейін бір-біріне тәуелді Орталық Азияның энергия жүйесінде ақау болғаны хабарланған еді. Жүйе бірнеше сағатта қалпына келетіні айтылды. Апаттың себебі анықталып жатыр.

25 қаңтарда түсте Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар қала мен елді мекен тұрғындары жарық сөніп, интернет нашарлағанын хабарлаған. Бұған ұқсас жағдай Қырғызстан мен Өзбекстанда атап айтқанда, Бішкек, Ош, Ташкент қалаларында да болған.

Қазақстандық KEGOC компаниясының түсіндіруінше, Өзбекстан мен Қырғызстан энергия жүйесінде туындаған едәуір теңсіздіктің салдарынан "Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік Қазақстанға" 500 кВ көлемінде шамадан тыс қуат келген. Соның салдарынан тоқ дұрыс бөлінбей, Қазақстанның оңтүстік өңірінде кейбір аудандар жарықсыз қалған. "Шектеу көлемі – 1500 мВт". Компания қазір апатты жою жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Жарық сөнгендіктен Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қалаларда бағдаршам істемей, көшелерде көлік кептелісі пайда болған. Алматының кейбір аудан тұрғындары 10-15 минуттан соң қайта жарық берілгенін хабарлады. Қаланың кейбір аумағында жарық мүлде сөнбеген.

Бұған дейін кейбір сарапшылар Қазақстанның электр жүйесі технологиялық тұрғыда көрші елдерге тәуелді екенін, мемлекеттік одан құтылу үшін әрекет етпегенін сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG