25 қаңтарда Атырау облысындағы №16 Индер аудандық желі басқармасының өрт сөндірушілері Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың атына видео жолдап, жалақыларының аздығына шағымданды. Олар жалақыны қолға 100 мың теңге алатындай көтеруді, өрт сөндірушілерге түнгі ауысым мен мереке күндеріндегі жұмыс сағаттарын айлық жалақыдан бөлек төлеуді, ауырған күндері үшін тиісті ақыны төлеуді талап етіп отыр.
Бұл туралы Азаттыққа «БатысСервисПлюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Атырау бөлімшесі бойынша бөлім меңгерушісі Руслан Аюшев хабарлады. Оның айтуынша, 21 қаңтардағы Мақат ауданындағы өрт сөндірушілер наразылығынан соң мекеменің жалқысын 30 пайызға өсіргені көңілдерінен шықпайды.
– Жұмыс беруші жалақыны өсірдік, 90 мың теңге болады деген келісім-шарт беріп отыр. Біз қол қоюдан бас тарттық. Себебі «жалақы өсті» дегеннен соң да қолымызға таза алатынымыз 71-72 мың теңгеден аспайды. Онымен қалай күн көруге болады? Кейбір жігіттер тағы бір жұмыс іздеп сабылып жүр. Қымбатшылық болса алқымнан алып барады. Несие бар, студент балалар бар. Қай жағына жетеді? - дейді ол.
Руслан Аюшев өрті сөндірушілердің жұмыс берушіден қолға 100 мың теңге жалақы төлеуді, түнгі ауысым мен мереке күндеріндегі жұмыс сағаттарын айлық жалақыдан бөліп төлеп, ауырған күндері үшін тиісті ақыны да төлеуді талап етіп отырғандарын айтты.
«2022 жылдың қаңтар айында «БатысСервисПлюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Интергазбен» [«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы] келісім-шартқа отырды. Сол мезеттен бастап біз жалақымызды қымбатшылыққа байланысты 100% өсіруді талап еттік. Түнгі сағаттар мен мейрам сағаттарын қоспай бөлек есептеуді, денсаулығы жарамсыз қағазын төлеуді, еңбек демалысына қосымша материалдық көмек төлеуді талап еттік. «БатысСервисПлюс» бастығы Нұржан Аймағамбетов келісім-шарттың ақшасы аздығынан тек 10% өсіре алатынын айтты. Жалақы аздығы ұнамағандарға «жұмыстан кетіңіздер» деп қысым көрсетті. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазіргі қымбатшылық жағдайға байланысты 60 мың теңге көлеміндегі ақшаға отбасын асырау мүмкін емес. Осы іске өзіңіздің араласуыңызды сұраймыз» делінген Индер ауданындағы өрт сөндірушілер жариялаған видеода.
Ақпаратқа қарағанда, жұмысшылар әзірге жұмысты тоқтатпаған.
«БатысСервисПлюс» ЖШС директоры Нұржан Аймағамбетов өрт сөндірушілердің түнгі ауысым мен мереке күндері төленбейді деген уәждерімен келіспейтінін, қазір тапсырыс берушімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.
– Тендер бағасы бес жыл бойына Атырау бойынша көтерілмеген. Тек биыл 29 миллион теңгеге дейін көтерілді. Мен президенттің ең төменгі жалақы 60 мың теңгеден кем болмауы туралы тапсырмасын орындадым. Тендерді ұтып алғанға дейін мен олардың бұлай талап қоятынын білмедім. Мен оларға «Интергаз Орталық Азия» жалықыларын көтеретіні туралы уәде бергенін де білмедім. Қазір тапсырыс берушімен келіссөз жүріп жатыр, - деді ол.
Ал «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Мәдина Маханова сейсенбі күні кешке қарай "барлық мәселе шешілді, бәрі өз орнында штаттық режимде жұмыс істеп жатыр" деп хабарлады. Дегенмен жұмысшылар мәселе толық шешілмегенін айтады.
«БатысСервисПлюс» компаниясы - «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына мердігер мекеме. Ол 2022 акционерлік қоғамға өрт сөндіру қызметін көрсету жөніндегі тендерді бір жылға ұтып алған.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, 60 мың теңге жалақы 2012 жылы тендерден «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамы жеңімпаз болған кезде тағайындалған. Бұл жалақы 2017 жылы тендерде «Сауыт сөндіруші» ЖШС, 2021 жылы «Бесмейрам» ЖШС жеңімпаз болғанда да өзгермеген. Өрт сөндірушілер содан бері бірнеше мәрте наразылық акциясын өткізіп, жұмысты тоқтатқанымен құр уәдеге алданып келгендерін айтады.
ПІКІРЛЕР