25 қаңтарда Нью-Йоркте түркімен белсенділері акция өткізіп, Түркіменстандағы саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде "Түркіменстанның демократиялық таңдауы" оппозиция тобының жетекшісі Мырат Гурбанов хабарлады.
Наразылық шарасынан түсірілген суреттерде азаматтардың жуырда Түркиядан Өзбекстанға депортацияланған белсенділер Жұмасапар Дәдебаев, Ресейден Түркіменстанға қайтарылған Азат Исаков, түрмедегі белсенді Мансур Мингеловтің суретін ұстап тұрғаны көрінеді.
Наразылар БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінің алдында түркімен белсенділерін дереу босатуды талап етті. Олар БҰҰ-ға арнайы хат жазатынын да айтты.
Белсенділердің айтуынша, Түркіменстанда әлемдегі ең репрессияшыл үкімет жұмыс істейді, елде билікке қарсы наразылық шараларына тыйым салынған, президент Гурбангулы Бердімұхамедовті сынаған кез келген адам қудалауға ұшырайды.
Шетелде тұратын түркімен азаматтары Түркіменстандағы қудалауды айыптап, жиі акция өткізеді. Бұған дейін АҚШ, Еуропа елдерінде, Түркияда ондаған акция болған.
ПІКІРЛЕР