Адвокат Бауыржан Азанов тәуелсіз журналист Махамбет Әбжанның ісі туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, 274-баптың 2-бөлігі 3-тармағы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Журналист істе "қорғануға құқығы бар куәгер" ретінде танылған.
– Махамбеттің өзі "қорғануға құқығы бар куәгерді" күдіктіге айналдыру оңай деп біраз уайымдап отыр. Ол қаңтардағы оқиғаға байланысты ресейлік "Дождь" телеарнасына сұхбат берген. Ол астанадағы митингіде тұрып, пікірін айтқан. Сол сұхбат осы қылмыстық істің қозғалуына түрткі болған. Іс 5 қаңтарда ашылған, – деді Бауыржан Азанов Азаттық тілшісіне.
Махамбет Әбжан 4 қаңтарда астанадағы "Әлем" сауда орталығының алдындағы митинг кезінде "Дождь" телеарнасына сұхбат берген. Ол сұхбатта наразылықтың себебі мен халықтың билікке қойып отырған талап-тілектері жөнінде айтады.
– Адвокат ретінде айтарым, бұл жерде Махамбет Әбжан ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның біреу сұрақ қойған кезде жауап беруіне, пікірін айтуға құқығы бар. Сұхбат бергені үшін адамды қылмыстық іске тартуға болады деп ойламаймын. Қазір менің жұмысым – осы қылмыстық істі қысқарту. Қазір оған өтініш-талап тілектерімді дайындап жатырмын, - деді адвокат.
Астана полициясы әзірге іс бойынша түсініктеме бермеді.
Қаңтар оқиғасы кезінде наразылықтардан хабар таратып, кейін екі аптаға жоғалған журналист Махамбет Әбжан 20 қаңтарда байланысқа шығып, өзінің қылмыстық іске тартылғанын хабарлаған еді. Ол іс бойынша ақпарат бермеу туралы қолхат берген, сол себепті істің жай-жапсарын толық айта алмайтынын де жеткізген.
Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге ұшырайды. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бірнеше өңірінде полиция ақпарат құралдарын шақырып, тергеген.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.
ПІКІРЛЕР