Accessibility links

"Нұр Отан" съезі өтетін күні партияны таратуды талап етпек болған белсендіні полиция ұстап, жиын біткеннен кейін босатты


Санавар Закирова.
Санавар Закирова.

28 қаңтарда «Нұр Отанның» Нұр-Сұлтан қаласындағы бас кеңсесі алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, билік партиясын таратуды талап етпек болған белсенді Санавар Закирова өзі жоспарлаған жерге келмеді. Оны қолдауға келген тағы бір белсендіні полиция ұстап алып кетіп, бір сағаттан соң босатты. Закированы полицияның ұстап әкетіп, съезд біткеннен кейін босатқаны жұма күні кешке қарай белгілі болды.

Санавар Закирова бұған дейін хабарлама таратып, өзінің 28 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі өтетін күні сағат 11-де пикетке шығып, билік партиясын таратуды талап ететінін мәлімдеген.

«Биылғы жылы қаңтарда Алматы қаласында болған бейбіт азаматтарды жаппай атуға басты кінәлі - «Нұр Отан» партиясының жетекшісі деп санаймын. «Нұр Отан» партиясының әрі қарай өмір сүруге моральдық құқы жоқ, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандай да бір партия мүшесі болуға, оны басқаруға құқы жоқ» деп жазды ол хабарламада.

Алайда жұма күні Санавар Закирова өзі белгілеген уакытта «Нұр Отан» партиясының бас ғимараты алдына келмеді. Ғимараттың алдында бірнеше полиция көліктері мен автобустар тұрды. Айналаны қарапайым киінген құқық қорғау өкілдері мен полиция жасағы бақылауға алған.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті белсенді туралы Азаттық сауалына жауап бермеді.

Белсендіні партия съезі алдында Сарыарқа аудандық полиция қызметкерлерінің ұстап әкеткені жұма күні кешке қарай белгілі болды. Мұны Закированың өзі Азаттыққа хабарлады.

– Мен бүгін үйден таңертеңгі сағат 10 жарымда шықтым. Қара киім киген адамдар қолымды қайырып, ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Сағат 4-ке дейін ұстады. 4 жарымда ғана босатты. Олар мені тергегісі келгенмен жауап беруден бас тарттым. Одан соң олар хаттама толтыруға дайындалды. Бұдан соң оларға біреу хабарласып, "күте тұрсын" деген бұйрық берді. Олар хаттама толтырмай, команданы күтетінін айтты. Сүйтіп біраз отырып, күттік. Сағат 4-тен кейін босату туралы бұйрық келді. Сүйтіп босатты. Менің жанымда Зинагүл Құмамбетова болды, - деді белсенді.

Тағы бір белсенді Мәдина Көкетаеваның Азаттыққа хабарлауынша, оны жұма күні күндіз Закированы қолдамақ болған жерінен полиция күштеп алып кеткен.

Мәдина Көкетаева жанында "әділетсіз сот шешімдеріне" наразылық білдіріп жүрген Мұхтар Қарабеков пен Светлана Белоцерковскаяның да болғанын айтады.

Мәдина Көкетаеваны Есіл аудандық полиция бөлімшесіне апарып, бір сағаттан соң босатқан.

– Мен кофейнядан шығып келе жатыр едім. Қара киімдегі төрт полиция өкілі тарпа бас салып, «Газельге» отырғызып алып кетті. Кезекші прокурор, адвокат берген жоқ. Менің қан қысымым көтерілді, жедел жәрдем шақыруды сұрадым. Орындамады. Содан соң «егер өлсем полиция кінәлі» деп арыз жаздым. Оны қабылдаған белгі соқпады. Бір сағаттан соң алып кеткен жерлеріне әкеліп тастады, - деді ол.

Нұр-Сұлтан полициясы Мәдина Көкетаеваның ұсталуына қатысты да ақпарат бермеді.

54 жастағы Санавар Закирова өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп, 2019 жылдан бері наразылық акцияларына шығып жүрген топтың жетекшісі.

Закирова Facebook'те "Нұр Отан" партиясын жиі сынайды. Партия мүшелерімен конфликтіден соң былтыр шілдеде "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша бір жылға абақтыға қамалған. Биыл қаңтарда қалған жазаны айыппұлмен алмастырып, бостандыққа шықты. Санавар Закированың тағылған айыпты мойындамай, "істің саяси астары бар" деп айтқан. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Бұған дейін билік оның "Наше право" партиясын тіркеуден бас тартқан.

Қарай отырыңыз: Белсенді Мамин үкіметін сотқа берді (13 қыркүйек 2021 жыл).

Белсенді Мамин үкіметін сотқа берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG