Accessibility links

Қырғызстан мен Тәжікстан арнайы қызметінің басшылары шекара мәселесі бойынша келіссөз қорытындысын хабарлады


Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев пен Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов. 29 қаңтар 2022 жыл.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев пен Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов. 29 қаңтар 2022 жыл.

29 қаңтарда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі елдің арнайы қызмет басшылары келіссөз өткізіп, жуырда шекарада болған қақтығысты талқылады.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев пен Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов шекараға делимитация мен демаркация жүргізу бойынша олар жетекшілік ететін үкіметаралық комиссияның жұмысы жалғасатынын хабарлады.

Ятимов кездесуден соң шекара мәселелері бойынша "түпкілікті шешім" қабылдау қажеттігін атап өтті.

"Шекарада қаза болғандар мен жараланғандар бар. Бұл екі мемлекет арасында шекара мәселесі шешілмегенін көрсетеді. Негізгі себептерін жойып, маңызды мәселелер бойынша түбегейлі шешім қабылдау керек. Нақты жағдайда біз басшылыққа алатын құқықтық актілерді айтып отырмын" деді Ятимов.

Ташиевтің айтуынша, кездесуден соң қандай да бір құжаттарға қол қойылмаған.

"Ең бастысы шекараға делимитация және демаркация жүргізу бойынша үкіметаралық комиссияның жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды. Аталған комиссияның жұмысы екі ай бұрын тоқтатылған еді. Енді комиссия жұмысы қарқынды әрі тұрақты жүргізілетін болады. Сол себепті бүгін қандай да бір құжатқа қол қоймасақ та осында айтылған сөз, келісімдер орындалады" деді Қырғызстан ҰҚМК басшысы.

27 қаңтарда қырғыз-тәжік шекарасында тағы атыс болған. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары оқиғаға бір-бірін кінәлады. Соның салдарынан қырғыз жағынан 13 адам жарақаттанған. Тәжік жағы екі адам қаза болып, он адам жараланғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG