Accessibility links

80 жастағы Серджо Маттарелла Италия президенті болып қайта сайланды


Серджо Маттарелла (ортада)
Серджо Маттарелла (ортада)

80 жастағы Серджо Маттарелла Италия президенті болып қайта сайланды. Бұл оның президент қызметіндегі екінші мерзімі. Парламент палаталары мен аймақтар өкілдерінің бірлескен отырысында 505 дауыс алып, қажетті межеден асты.

Маттарелла дауыс берудің сегізінші турында президент болып сайланды.

Маттарелланың қайта сайлануына Италияның жетекші саяси күштері келісім берді. Бастапқыда Италияның ардагер саясаткері тағы да 7 жыл мерзімге қайта сайланғысы келмеген. Италия тарихында бүгінге дейін тек бір ғана президент екінші мерзімге сайланған.

Алайда дауыс беру процесінің 7-турында депутаттардан, сенаторлардан және аймақ өкілдерінен құралған сайлаушылар коллегиясы Маттарелланың ізбасарын сайлай алмайтыны белгілі бола бастаған.

Қазіргі премьер-министр Марио Драгидің президент болып сайлануға мүмкіндігі болған, алайда биліктегі коалиция күштері "үкімет тарқап кетуі, саяси дағдарыс болуы мүмкін" деп қауіптеніп, оның премьерліктен кетуін қаламаған. Жеткілікті қолдау болмайтынын түсінген Сильвио Берлускони де президент сайлауына түсуден бас тартқан.

Италия президентінің өкілеті шектеулі болса да, дәстүр бойынша оның саяси салмағы үлкен болуға тиіс. Дегенмен президент саяси дағдарыс туған жағдайда парламентті тарата алады.

  • Қазір Италия билігінде оңшылдар мен солшылдарға дейінгі аралықтағы ірі партияларды біріктіретін коалиция отыр. Еш партия парламентте көпшілік дауыс ала алмаған соң осы қадамға баруға мәжбүр болған, мерзімінен бұрын қайта сайлау өткізгісі келмеген. Премьер-министр Драги дағдарыс кезінде іскерлігімен көзге түскен менеджер саналады, ол үкіметті Италия экономикасына қатер төндірген коронавирус індеті кезінде басқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG