Accessibility links

АҚШ сенатындағы Ресейге қарсы санкцияны талқылау соңына таяды


Сенатор Роберт Менендес
Сенатор Роберт Менендес

АҚШ сенатында Ресейге Украинаға қарсы агрессиялық іс-қимылы үшін санкция салу туралы келісімді талқылау соңына таяды. Бұл туралы жексенбі, 30 қаңтарда сенаттың халықаралық істер жөніндегі комитеті жетекшісі демократ Боб Менендес пен осы комитеттегі республикашыл сенатор Джеймс Риш CNN-ге берген сұхбатында айтқан.

Менендестің сөзінше, кейбір санкция Ресей Украина аумағына басып кірмеген күннің өзінде салынуы мүмкін. Ресейдің Украинаға шабуыл жасауынан қауіптенген Батыс елдері оған қарсы шара ретіде санкция салу жайын талқылай бастаған.

Сенаторлар заң жобасы туралы келісімге келесі аптада келуі мүмкін екенін айтады. «Солтүстік бағыт-2» газ құбыры желісіне де санкция енгізу мәселесіне байланысты қарама-қайшы пікірлер айтылғанымен, демократтар пен республикашылар ортақ мәмлеге келетініне сенімді.

Менендестің сөзінше, заң жобасындағы санкция күшіне енсе, Ресейге өте ауыр соққы болып тиеді және оның экономикасын «күйретеді». Бұған дейін, талқыланып жатқан санкциялар ресейлік бірнеше ірі банктер мен мемлекет қарызына қатысты екені хабарланған. Бұған қоса, заң жобасында экспорттық бақылау енгізу (іс жүзінде Ресейдің нақты өнім түрлеріне эмбарго салу) және жекелеген азаматтарға санкция салу көзделген. Ол азаматтардың тізіміне Ресей президенті Владимир Путин де енуі мүмкін.

Заң жобасына сәйкес, санкцияны енгізу құқығына Ақ үй ие болады. Ақ үй санкциялардың бір бөлігін енгізуге міндетті, ал енді бір бөлігін енгізу әкімшіліктің өз еркінде болмақ.

Сенатта талқыланып жатқан заң жобасы – санкцияға қатысты жағыз құжат емес, оның көпшілігін Ақ үй қолдайтыны хабарланған.

  • АҚШ күзден бері Ресей Украинамен шекарада әскерін көбейтіп, көрші елге басып кіруі мүмкін деп қауіптенген.
  • Мәскеу шабуыл жоспары жоған айтады. Батыс елдері Ресей Украинаға басып кірсе санкция салатынын қатаң ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG