Accessibility links

Мәскеуде мигранттар төбелесінен кейін 15 адам ұсталды


Полицияның мигранттарды ұстау сәті. 2013 жыл.
Полицияның мигранттарды ұстау сәті. 2013 жыл.

Ресей құқық қорғау органдары "топ болып төбелесті" деген күдікпен 15 тәжік азаматын ұстады. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігінің хабарлауынша, 7 мигрантқа әкімшілік іс қозғалған. Оларды Ресейден депортациялауы мүмкін. Тағы бір тәжік азаматы бұзақылық бабы бойынша күдікке ілінген. Оған қылмыстық іс қозғалған.

Бұған дейін кейбір мигранттар Ресей құқық қорғау органдарының адамдарды "ақ-қарасын ажыратпай" топ қылып ұстап, тергегеніне шағымданған.

Алайда Ресей билігінің айтуынша, тәжік мигранттары 29 қаңтарда түнде Мәскеудің оңтүстігіндегі ауданда топ болып, төбелескеннен кейін ұсталған. Полиция келген кезде 15 адам төбелесіп тұрған. Олардың қолында қару болғаны да айтылады.

Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 66 шетел азаматы ұсталған. Алайда Тәжікстан елшілігі 15 азаматтың ұсталғанын айтады. Қалған азаматтардың не себепті полицияға жеткізілгені белгісіз.

Тәжікстан елшілігі Ресей құқық қорғау орган өкілдерін тергеу кезінде тәжік азаматтарының құқығын шектемеуге шақырды.

Ал тәжік үкіметі Тәжікстан азаматтарын кез келген арандату әрекетіне ермеуге және өздері тұрып жатқан елдің заңын құрметтеуге шақырды.

Бұған дейін Ресей құжат рәсімдеу ережелері мен заң бұзғаны үшін жүздеген мың тәжік мигрантын еліне қайтарған. Кейбіріне қайта келуіне мүлде тыйым салған. Кейбір азаматтар өздерін еш негізсіз топпен бірге елден шығарып жібергенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG