Accessibility links

"Нұр Отан" қаңтар оқиғасы кезінде Жаңаөзенді қолдаған депутат жазуында "арандату" болмағанын хабарлады


"Нұр Отан" ғимараты. Көрнекі сурет.
"Нұр Отан" ғимараты. Көрнекі сурет.

Қаңтар оқиғасы кезінде Жаңаөзендегі ереуіл талаптары дұрыс деп есептейтінін әлеуметтік желіге жазған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аида Әбибуллаеваның мәтінінде "арандату" пиғылы жоқ. "Нұр Отан" партиясының Қызылорда облыстық бөлімшесі 2 ақпанда Facebook парақшасында осындай мазмұндағы хабар таратты.

Мәслихатқа "Нұр Отан" атынан сайланған депутат 4 қаңтарда жаңаөзендіктердің талабын қолдап жазба жариялағаннан кейін облыстық полиция департаментінің әкімдікке "депутатқа қатаң шара қолдануын сұрап хат жазғаны" белгілі болған. Оған жергілікті тұрғындар мен белсенділер алаңдаушылық танытқан.

"Нұр Отан" партиясының Қызылорда облыстық бөлімшесі 2 ақпан күнгі жазбасында бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде "партия мүшелерінің қаңтар оқиғасындағы іс- әрекеттеріне қатысты жазбалар" жарияланғаны атап көрсетілген.

"Алайда, бұл мәселе партия филиалымен зерделеніп, партия мүшелерінің жазбаларынан облыстық ішкі істер департаментінің хатында көрсетілген "арандатушылық", "азғындық" әрекеттердің жоқтығы анықталды және тиісті органдармен жұмыс істелетін болады" делінген жазбада.

Партия өкілдері "партия мүшелерінің теріс қылықтары анықталған жағдайда жауапкершілік партияның ішкі ережелерімен айқындалады" деп көрсеткен.

Қаңтар айының басында Жаңаөзен тұрғындарды сұйытылған газдың қымбаттауына наразы болып, митингіге шыққан кезде Қызылорда облысының мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева Facebook парақшасында "Барлық талап өте орынды. Газ-мұнай өндіріп отырып, бағасының аса қымбат болуы нонсенс. Жанармай қымбаттаса, басқа өнімнің де, азық-түліктің де қымбаттайтыны айдан анық. "Халық үніне құлақ асатын үкімет" қайда? Жағдай күрделі" деп жазған. Депутат Қызылорда да қымбатшылық болып жатқанын алға тартып, мәселені шешуді талап еткен.

Бұдан соң әлеуметтік желіде Қызылорда облыстық полиция департаментінің облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға "Нұр Отанның" екі мүшесіне шағымданып жазған хаты тарады. Хатқа "бастық Б.Ж. Сұлтан" қол қойған.

Онда "елдегі лауазымды тұлғалардың халықты шеруге белсене ат салысуға шақырып жатқаны анықталды" деп жазылған. Хат авторы Аида Әбибуллаеваның "халықты үкіметке қарсы қою жөнінде арандатушылық жазба" жариялағанын жазған.

Хатта тағы бір "Нұр Отан" мүшесінің де аты аталады. Хат авторы оны "қала тұрғындарын пікір білдіруге үгіттейтін жазба жариялады" деп айыптаған.

"Елімізде ерекше рөлі бар тұлғалардың әлеуметтік желіде азғындық пікір жариялағандары, қызметтері теріс қылық әрекетіне жататыны анық" деп көрсетілген хатта.

Ақпаратқа қарағанда, облыс әкімдігі полиция департаментінің хатын "Нұр Отан" партиясының бөлімшесіне бағыттаған. Облыстық мәслихат хатшысы 2 ақпанда Азаттық тілшісіне "мәселе заң аясында қаралады" деп айтты. Полиция департаментінен әзірге жауап алудың сәті түспеді.

  • Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 227 адам қаза болды. Ал Маңғыстаудағы бейбіт митинг кезінде тәртіп бұзу болған жоқ. Ақтау мен Жаңаөзендегі митингілер кезінде халық билікке саяси және экономикалық талаптар қойып, саяси жүйені толық ауыстыруға үндеген. Митинг лидерлерінің айтуынша, соңғы күндері жұртты арандатуға тырысқандар көбейген. Ақтаудағы наразылық жиынын билік өкілдері мен әлдебір белгісіз адамдар 8 қаңтарда "қуып таратқан".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG