Accessibility links

Тоқаев Пекинге барды. Бұл оның қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы сапары


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Пекинге барды. Тоқаевтың баспасөз қызметі оның 4 ақпанда қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне қатысатынын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, оны Қытай басшысы Си Цзиньпин шақырған.

5 ақпанда Тоқаев Қытай басшысымен келіссөз жүргізеді, онда "екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту мәселесі" талқыланады.

Бұл кемінде 227 адамның өмірін қиған қаңтар оқиғасынан кейінгі Тоқаевтың шетелге алғашқы сапары. Өткен айдың басында Қазақстанның барлық өңірін қамтыған наразылық бірнеше қалада тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты. Билік "сыртқы агрессия" және шетелде дайындықтан өткен "террористер" туралы айтқанмен айғақтар келтірген жоқ. Тоқаев сонымен бірге билікті басып алуға талпыныс жасалғанын да айтты. Алайда ықтимал ұйымдастырушыларын атамады. Ал мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында "тергеудің алдын алғысы келмейтінін" жеткізген.

Ресми Пекин Тоқаевтың мәлімдемесін қолдап, осы дискурстың көмегімен аймақта терроризммен күрес бойынша ынтымақтастықты дамытуға шақырды.

Батыс елдері атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия және Канада Шыңжаңдағы қысымға байланысты Пекин Олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған. 2017 жылдан бері Шыңжаңда байырғы ұлт өкілдері – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілді мұсылмандардың қудалануы жайлы ақпарат жиілеген.

Қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылдың 4-20 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа әлемнің 95 елінен төрт мыңға жуық спортшы қатысады. Олар спорттың жеті түрі, 15 пәні бойынша жарысып, 109 медальға таласады. Қазақстаннан Олимпиадаға 34 ойыншы қатысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG