Accessibility links

Адвокат: Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген 73 адам ауруханаға жеткізілген


Қаңтар оқиғасы кезінде жараланғандардың бір бөлігі осы бірінші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Шымкент, 13 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде жараланғандардың бір бөлігі осы бірінші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Шымкент, 13 қаңтар 2022 жыл.

Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде қаладағы ауруханаларға оқ жарақатымен 73 адам түскен. Бұл туралы 4 ақпан күні Шымкентте өткен наразылықтарға байланысты ұсталып, екі айға қамауға алынған белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмағамбетованың қорғаушысы, қалада қаңтар оқиғасына байланысты құрылған тәуелсіз комиссия мүшесі Мұрат Жолшиев тікелей эфир кезінде мәлімдеді.

Жолшиевтің сөзіне қарағанда, 4-7 қаңтар күні оқ жарақатынан қайтыс болғандар мен ауруханаға жеткізілгендер туралы мәлімет алу үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасыне екі рет хат жолдаған. Басқарманың жауап хатында 73 адам оқ жарақатымен қалалық ауруханаларға медициналық көмекке жүгінгені, 24-і амбулаториялық, 49-ы стационарлық жағдайда ем қабылдағаны жазылған. Олардың жеке бас мәліметтері дәрігерлік құпия болып табылатыны көрсетілген.

- Оқиға кезінде қайтыс болған адамдар туралы мәйітханаға да хат жолдадым. Олар мәліметтерді тек тергеу органдарына береміз деп жауап берді, - дейді Жолшиев Азаттыққа.

12 қаңтар күні қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазылов Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде түрлі жарақатпен 120-дан аса адам №1 және №2 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Ол жеткізілгендердің ішінде оқ тигендері, ота жасау кезінде қайтыс болғандары бар екенін, бірақ олардың саны туралы ақпарат бере алмайтынын айтқан.

Азаттық 20 қаңтарда қала әкімдігіне, қала прокуратурасы мен қалалық денсаулық сақтау басқармасына қайтыс болғандар туралы ақпарат алу үшін хат жолдаған. Қалалық прокуратура бас прокуратураның Қазақстан бойынша қаңтар оқиғасында қайтыс болғандар туралы ақпаратын алға тартып, Шымкенттегі жағдай бойынша тергеу амалдарына байланысты ақпарат беруден бас тартқан.

Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның барлық өңірін қамтыған наразылық Шымкентте 4 қаңтар күні басталған. Куәгерлердің сөзінше, 5 қаңтар күні түнде наразыларға оқ атылған.

14 қаңтарда Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты 271 адам әкімшілік қамауға алынғаны туралы ресми ақпарат тарады. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған, олардың 75-і сот санкциясымен екі айға қамалған.

Қазақстан билігі қаңтар қырғынында кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлағанмен олардың аты-жөнін әлі күнге дейін жарияламады. Құқық қорғаушылар биліктің шамадан артық күш қолданғанына, халыққа оқ атуына, ұсталғандардың азапталуына алаңдаған. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, тергеу изоляторларында азаптауға ұшыраған адамдар туралы мәлімет көп шығып жатыр. Бас прокуратура полицияның "билік өкілетін асыра қолдануын" растап, жүзге жуық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлаған. Оған қатысты нақты адамдардың ұсталғаны әзірге хабарланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG