Accessibility links

Оралда қыздың өліміне кінәлі деп танылған жігіт 8 жылға бас бостандығынан айырылды


Орал тұрғыны Темірлан Аманғалиев.
Орал тұрғыны Темірлан Аманғалиев.

Орал соты "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы (106-бап, 3-бөлім) бойынша айыпталған Темірлан Аманғалиевті сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ол 22 жастағы Анастасия Чернаяның өліміне кінәлі деп танылды.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Аманғалиев Чернаямен былтыр қыркүйекте танысқан. 13 қыркүйекте үйдің подъезінде кездескен кезде екеуі жанжалдасып қалған. Темірлан Аманғалиев Чернаяны мойнынан ұстап, жоғары көтерген. Қыздың басы бетонға тиіп, оқиға орнында қаза болған. Аманғалиев қыздың мәйітін әуелі ескі шкафқа апарып тыққан. Кейін қала сыртына апарып, өртеуге тырысқан.

Бірнеше күннен кейін Анастасия Чернаяны туыстары мен таныстары іздейді. 15 қыркүйекте оның денесі Оралдан 50 шақырым жерден табылған.

Аманғалиев тағылған айыптарды толық мойындап, өкініш білдірген. Сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескерген. Сотталушының адвокаты Марат Надыршин сот тым қатал үкім шығарды деп санайды және бапты "Абайсызда өлтіру" бабына (104-бап) ауыстыру қажет деп санайды.

—Мен қорғап отырған азаматтың біреуге зиян келтіру ниеті болмаған. Мұны видеодан да анық аңғаруға болады. Ол қатты қорқып, сасқанынан сондай әрекетке (денесін жасыру, сыртқа апару) барған. Ол қатал жазаламасын деп айыбын да мойындады, – деді Азаттыққа адвокат Надыршин.

Қорғау тарабының үкімді апелляцияға беретіні-бермейтіні әзірге белгісіз. Адвокат үкімнің көшірмесі қолға түскеннен кейін шешім қабылдайтынын айтты.

Қаза болған қыздың анасы Светлана Лобанова айыпталушыға одан да қатаңырақ үкім шығару керек еді деп санайды. Ол үкімге шағым түсірмейтінін айтты.

— Онсыз да шыдамым таусылды. Маған немеремді өсіру үшін де күш-қайрат керек, — деді Светлана Лобанова.

Анастасия Чернаяның артында екі жасар қызы қалды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG