Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Нұрпейісов совет жылдары шығармаларымен танымал болды. Ол ондаған тілге аударылған "Қан мен тер" роман-трилогиясының авторы. 18 жасында майданға аттанған Нұрпейісов соғыста бастан кешкен жайттарын "Курляндия" автобиографиялық туындысында баяндайды. 2000-жылдары "Соңғы парыз" романында Арал мәселесін қозғаған. Жазушының өзі сол өңірде туған. Сол шығармасы үшін әдебиет және өнер саласында Шолохов сыйлығына ие болды.
Нұрпейісов испан драматургы Алехандро Касо, орыс жазушылары Антон Чехов, Максим Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған.
2010 жылы Нұрпейісов өзге жазушылармен бірге сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, Кеден одағымен келісімді бұзуға шақырған. Хатқа қол қойған кейбір зиялы қауым өкілдері "Кеден одағының кейбір шарттары ұлттық экономика мен стратегиялық мүддеге сәйкес емес" деп мәлімдеген.
2016 жылы Нұрпейісов үкіметтің жер реформасына қарсы шығып, президентке хат жазғандар арасында болды. Сол кезде қарастырылған жер кодексіне түзетулер ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуды және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастырған. Мыңдаған азамат жер реформасына қарсы наразылыққа шыққаннан кейін билік жер кодексіне өзгерісті кейінге шегерген.
2004 жылы кәсіпкер-меценаттар Нұрпейісовке ел ісіне қосқан үлесі үшін "Тарлан" сыйлығын тапсырды.
2016 жылы жазушы бірінші президент атындағы мемлекеттік стипендияға ие болды.
Ол өзі туған Қызылорда облысы мен өмірінің соңына дейін тұрған Алматы қаласының құрметті тұрғыны атанған.
ПІКІРЛЕР