Accessibility links

Тоқаев Си Цзиньпинге "елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерін қолдағаны үшін" алғыс айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 5 ақпан 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 5 ақпан 2022 жыл.

5 ақпанда Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесу кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оған "елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігеріне" қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қытайға сапар кемінде 227 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейінгі Тоқаевтың шетелге жасаған алғашқы сапары.

Қазақстанның батысында басталған жаппай наразылық қысқа уақыт ішінде елдің өзге өңірлеріне тарады. Митингілерде саяси талаптар да айтылды. Бірнеше қалада қантөгіс пен тәртіпсіздік болды. Тоқаев төтенше жағдай режимін енгізіп, "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берді. Ол әлдеқандай күштердің "мемлекеттік төңкеріс" жасауға талпынғанын жеткізіп, "шетелде дайындықтан өткен террористер" туралы айтты. Бірақ оған бірде-бір дәлел келтірген жоқ.

Қазақстанның ірі сауда әріптесі әрі көп қарыз беретін көршісі Қытай Тоқаевтың "террористер" туралы тұжырымын қолдап, сол дискурстың көмегімен аймақта терроризммен күресу үшін жақынырақ қарым-қатынас жасауға үндеген. Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы байырғы ұлт өкілдеріне жүргізген саясаты үшін сынайды. Ал Қытай билігі "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" радикалды ағымдармен және экстремистермен күрес үшін қажет екенін алға тартады. Ресми Нұр-Сұлтан Пекинді Шыңжаңдағы жағдай үшін сынамаған. Қазақ билігі мәселені дипломатиялық жолдармен шешуге тырысып жатқанын айтқан.

Қазақстан президенті Қытай басшысымен келіссөз "қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихындағы сапалы әрі жаңа кезеңге бірлесе қадам басуға мүмкіндік береді" деп атап өткен. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Си Цзиньпинге "Жаңа Қазақстан құру жолында қажетті көмек көрсетуге дайындығы үшін" алғыс айтқан. Тоқаев бұған қоса, "Си Цзиньпиннің тиімді басшылығымен қол жеткізген Қытай экономикасының даму жетістіктеріне жоғары баға берген". Қазақстанның "Бір белдеу – бір жол" жобасына қатысуға әрі қарай да мүдделі екенін жеткізген.

Тоқаев Қытай басшысын күзде Қазақстанға келуге шақырған, ал ол шақыруды қабыл алған.

Пекинде басталған Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне Орталық Азия елдерінің өзге де басшылары қатысты. Қытай бұл елдердің шикізат саласы мен қытай тауарларын жеткізетін инфрақұрылымына миллиард доллар инвестиция құйған. Батыс елдері Пекиннің Шыңжаң мен Гонконгтегі қудалау саясаты үшін Олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG